Жедел штаб отырысында астық экспортын ұлғайту мүмкіндіктері талқыланды

Жедел штаб отырысында астық экспортын ұлғайту мүмкіндіктері талқыланды

Биыл Қытайға 2 млн тонна астық жеткізу міндеті қойылып отыр.

Ал болашақта экспортты 3 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар. Бұл жайында Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин жедел штаб отырысында айтты. Жиында астықты сыртқы нарыққа тасымалдау көлемін арттырудың мүмкіндіктері қаралды. Серік Жұманғарин Ауғанстанға ұн тасымалын ұлғайту қажеттігін де атап өтті. Сол себепті Алматыда өтетін Қазақстан-Ауғанстан бизнес-форумында жаңа келісімшарттар мен логистика мәселелерін пысықтауға баса мән беру керек. Бүгінде еліміз бидайды негізінен Қытайдың шекаралас және орталық провинцияларына жеткізіп отыр. Арпа мен жем-шөп Қытайдың барлық аумағына жөнелтіледі. Жыл басынан бері астықты жабық вагондарда тасымалдау 75%-ға, астық тасығыштармен тасу 5%-ға өсті. Ал контейнерлермен жеткізу 26%-ға азайды. 9 айда Орталық Азия елдеріне 2,9 млн тонна астық экспортталды. Қытайға 1,3 млн тонна, Иранға 211 мың тонна, Ауғанстанға 127 мың тонна астық жөнелтілді. Еліміз бұдан өзге Италия, Түркия мен Ресейге де астық жеткізді.