Сенат Қазақстан мен Вьетнам арасындағы сотталғандарды беру туралы заңды мақұлдады

Қазақстан мен Вьетнам енді қос ел арасында істі болған екі ел азаматтарын өз отанына береді. 

Бүгін Сенат тиісті заңды мақұлдады. Айта кету керек, Келісімге Ханой қаласында былтыр 21 тамызда қол қойылған. Заңды қабылдау Вьетнам аумағында Қазақстан азаматтарының құқықтары мен мүдделерінің сақталуына, жасалған құқық бұзушылық үшін жазасын өтеу орнын таңдауға ықпал етеді. Еліміз бұған дейін әлемнің 24 елімен осындай шарт жасасқан болатын. Сотталғандарды шеттен туған еліне ауыстыру тек сол сотталған азаматтардың өтініші негізінде ғана жүзеге асырылады. Дәл осындай Заңды биыл 10 шілдеде Вьетнам Республикасы да ратификациялаған болатын. Тағы бір айта кетерлігі, бүгінге дейін Қазақстан мен Вьетнам елдерінің өзара сотталған азаматтары жоқ. Алайда, бас прокуратура екі мемлекет арасындағы туристік ағынның көптігін болжап, кез-келген қылмыстың алдын алуды жөн көріп отыр. Айта кету керек, биыл мамыр айынан бастап қос тарап визасыз режимге көшті.

Наурызбай Байқадамов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Келісім екі тараптың егемендігін, теңдігін және халықаралық нормаларды құрметтеу принциптеріне негізделеді. Аталған шартта «беруші тарап», «қабылдаушы тарап» және «сотталған адам» сияқты негізгі терминдердің нақты анықтамалары берілген. Бюрократиялық кідірістерді болдырмауға және беру процесінде жеделдікті қамтамасыз ету мақсатында тиімді өзара әрекеттесу үшін жауапты орталық органдар ретінде Қазақстан жағынан - Бас прокуратура, Вьетнамнан - Қоғамдық қауіпсіздік министрлігі айқындалған.