Қазақстан мен Әзербайжанның ынтымақтастығының жаңа кезеңі басталды
Қазақстанның бауырлас Әзербайжан елімен экономикалық, саяси және әлеуметтік байланыстары жыл сайын нығайып келеді, деп хабарлайды 24KZ. Әсіресе жүк тасымалы, мұнай салаларында ынтымақтастық кеңейді. Бұған президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары серпін берді. Мемлекет басшыларының кездесулері өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылыққа да зор ықпал етіп отыр.
Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы ынтымақтастық жыл сайын тереңдеп, әртүрлі салаларда жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отыр. 2023 жылы екі елдің мемлекеттік мұнай компаниялары КМГ мен SOCAR маңызды келісімге қол қойып, жылына 1,5 млн тонна казақстандық мұнайды Баку-Тбилиси-Джейхан (БТД) құбыры арқылы тасымалдауды бастады. Биыл наурыз айында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әзербайжанға сапары барысында тағы бір маңызды келісімге қол қойылды. Ол бойынша мұнай тасымалдау көлемі айына 60 мың тоннаға дейін артты. Бұл қадам екі елдің энергетикалық ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеріп, нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін күшейтті.
Заур Гахраманов, SOCAR президентінің кеңесшісі:
- Кейінгі жылдары екі ел компаниялары бірлесіп, көптеген жобаларды жүзеге асырып жатыр. Мысалы, қазақстандық мұнай Әзербайжан арқылы әлемдік нарыққа жеткізіліп жатыр. Транскаспий дәлізі арқылы жүктерді тасымалдау бойынша жұмыстар істеліп жатыр. Екі елдің мемлекеттік басшылары арасындағы тұрақты байланыс, стратегиялық серіктестікті нығайтуға бағытталған шешімдері маңызды рөл ойнайды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиевтің қатысуымен өткен кездесулерде аталған мәселелер талқыланып, екі елдің арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңі басталды.
Орта дәліз соңғы уақытта үлкен қызығушылық тудырып отыр. Бұл бағыт арқылы Азия мен Еуропаға жөнелтілетін тауарлар Орталық Азиядан Түркияға және Қара теңіз арқылы Еуропаға тасымалданады. Дәліз дамып, Алматы мен Баку порттары арқылы жөнелтілетін контейнерлердің саны алғашқы кезеңде 100 мыңға дейін жетуі мүмкін.
Худаяр Хасанлы, Баку халықаралық сауда порты стратегиялық жоспарлау және дамыту бөлімінің басшысы:
- Қазақстан мен Әзербайжан орта дәлізді дамыту мақсатында бірлескен жұмыстарын жалғастырады. Келесі 5 жылда Қазақстанның тасымалдау көлемі 500 миллион тоннаға дейін өсуі мүмкін. Бұл өз кезегінде екі ел арасындағы көлік-логистикалық байланыстарды нығайтуға және аймақтың экономикалық дамуына септігін тигізеді.
Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы транзиттік жобалардың тағы бір маңызды бағыты – уран тасымалы. 2023 жылы Қазақстанның Казатомпром компаниясы Әзербайжан арқылы әлемнің бірнеше елдеріне 2308 тонна уран өнімін жеткізді. Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы көлік саласындағы ынтымақтастық та маңызды. 2024 жылы Қазақстан, Әзербайжан және Грузия теміржол компаниялары «Middle Corridor Multimodal» бірлескен кәсіпорнынын құрды. Бұл серіктестік Қытай мен Еуропа арасындағы жүк тасымалын айтарлықтай қысқартады әрі халықаралық сауданы жеделдетеді.
Юсиф Абдуллаев, Әзербайжан экспортты және инвестицияларды ынталандыру агенттігінің директоры:
- Бір елмен сауда байланыстарын кеңейту үшін елдер арасындағы қарым-қатынастар, саяси байланыстар жақсы болуы қажет. Әзербайжан мен Қазақстан арасында осындай бауырластық, достық қарым-қатынас орнаған. Бұл бізге экономикалық және сауда байланыстарымызды кеңейтуге мүмкіндік беріп отыр.
Әлім Байел, ҚР Әзербайжандағы Төтенше және өкілетті елшісі:
- Былтыр біз екіжақты тауар айналымы бойынша рекордтық көрсеткішке қол жеткіздік. Оның көлемі 530 млн долларға жетті. Бұл Қазақстан және Әзербайжан секілді елдер үшін аз. Сондықтан оны арттыру үшін тиісті іс-шаралар қолға алынып жатыр. Мысалы, өткен шілде айында елшілігімізде ауыл шаруашылығы форумын өткіздік.
Қазақстан мен Әзербайжан президенттерінің тұрақты кездесуінің нәтижесінде түрлі жобалар жүзеге асырылып, екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік нығая түсіп жатыр. Бұл – өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен экономикалық даму үшін де маңызды қадам.
Авторы: Меруерт Қанағат.