Президент өз мақаласында Ресеймен арадағы байланыс жайлы жазды
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин үнемі хабарласып отырады. Қазақ басшысының айтуынша, құрметке негізделген тығыз байланыс мәселені жедел шешуге әрі мемлекеттер арасындағы шынайы достықты нығайтуға мүмкіндік береді. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейде шығатын «Известия» газетіне жариялаған мақаласында мәлімдеді.
Мемлекет басшысы солтүстіктегі серіктеспен арадағы берік байланыс жайлы жазған. Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасы берік әрі мызғымас достықтың шынайы көрінісі екенін айтып, одақтастықтың тарихы тереңнен тамыр тартатынына тоқталды. Жазбада бұл достық бұрын-сонды болмаған жаһандық сын-қатерлер кезінде сан салалы ынтымақтастықтың үлгісіне айналғаны көрсетілді. Бұған ортақ мүдде, өзара сыйластық, ең жоғары деңгейдегі сындарлы саяси диалог арқау болып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мұндай тығыз байланыс туындаған мәселелерді жедел шешуге және мемлекеттеріміздің арасындағы шынайы достық қатынасты нығайта түсуге мүмкіндік береді. Соңғы бір жылдың өзінде Ресей президенті екеуіміз толыққанды форматта төрт келіссөз жүргіздік. Халықаралық іс-шаралар аясында бірнеше мәрте кездестік, телефонмен де жиі сөйлестік.