Мәулен Әшімбаев БҰҰ Бас хатшысымен кездесті
Сенат төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев Португалияға сапары аясында БҰҰ Өркениеттер альянсының 10-шы Жаһандық форумына қатысты, деп хабарлайды 24kz.
Іс-шара барысында адамзатты алаңдатқан өзекті мәселелер талқыланып, оларды шешу жолдары ұсынылды. Сондай-ақ Палата спикері форум алаңында БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерришпен және БҰҰ Өркениеттер альянсының жоғары өкілі Мигель Анхель Моратиноспен екіжақты кездесулер өткізді. Тараптар арадағы ынтымақтастықты одан әрі арттыруды, жаһандық түйінді түйткүлдерді шешуді талқылады.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының басшысы:
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу – біздің ұлттық басымдығымыз. Соңғы онжылдықтағы айтарлықтай жетістіктерге қарамастан, жаһандық сын-қатерлер даму қарқынының баяулауына әкеліп соқты. Сондықтан алдағы онжылдықта маңызды нәтижелерге қол жеткізу үшін бірлесіп, шешуші қадам жасаудың мәні зор.