Қ. Тоқаев: БҰҰ реформалауды қажет етеді
Ірі державалар әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты толық сақтай алмай отыр. Сондықтан Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау қажет. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дохадағы форумның панельдік сессиясында осылай деп жаһанды алаңдатқан саяси және экономикалық ахуал жайлы ұстанымын жеткізді. Қазақстан саудадағы кедергілер мен қақтығысты қолдамайтынын тағы да мәлімдеді. Сондай-ақ сыртқы саясатымызға қатысты қойылған сұрақтарға жауап берді.
Президент Доха форумының панельдік сессиясына қатысты
Доха форумы. Қатар астанасы халықаралық жиынды осымен 20 жылдан астам уақыт үзбей өткізіп келеді. Бұл әлемдік түйткілдер ашық талқыланатын алаң. Белді саясаткерлер, салмақты сарапшылар һәм танымал тілшілер қазір форумның айналысында жүр. Бүгінде жаһан тыныштығының күйі әбден қашты. Алауыздық өрши түскен уақытта Қазақстанның сыртқы саястындағы ұстанамын тағы бір көрсететін уақыт жетті.
Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан панельдік сессия Newsmaker Interview форматында өтті. Аты айтып тұрғандай, Президент модератор, СNN журналисі Джулия Чаттерлейдің сұрақтарына жауап берді. Әрине, сауал әлемдегі саяси оқиғалардың маңызынан басталды.
Қ. Тоқаев: БҰҰ реформалауды қажет етеді
Президент ең алдымен БҰҰ қызметінің тиімділігін арттыруға тоқталды. «Әмбебап ұйым ретінде адамзат үшін өте қажет. Себебі оның баламасы жоқ», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Өкінішке қарай, ірі державалар әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты толық сақтай алмай отыр. Ал бүгінгі ахуал көптеген елді, соның ішінде Қазақстанды да алаңдатады. Сондықтан Біріккен Ұлттар Ұйымы реформалауды қажет етеді. Ірі державалар арасында ымыраластық болуы керек деп санаймыз. Олардың келісімге келе алмауы салдарынан Қауіпсіздік Кеңесі тығырыққа тірелді. Қазақстан сияқты орта державалар аймақтық деңгейде, сондай-ақ жаһандық кеңістікте бейбітшілік пен қауіпсіздікті ілгерілетуде өте маңызды рөл атқара алады.
Қазақстан ДСҰ нормалары мен ережелерін қатаң сақтайды
Қазақстан сауда кедергілері мен қақтығыстарын қолдамайды. Президент осылай деп, «Тариф қолдану шаралары оңтайлы шешім емес», – деді. Мұны күмәнді саясат деп атады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз кедергілер мен қақтығыстарды қолдамаймыз. Қазақстан әзірге ондай қиындықтарға тап бола қойған жоқ. Өйткені өңірдегі көршілерімізбен және басқа да мемлекеттермен сындарлы әрі өзара тиімді қарым-қатынас ұстанамыз. Сондықтан біздің аймақта осыған ұқсас келеңсіздіктер туындамайды деп ойлаймын. Бұл ретте барлық ірі державаларды мұндай қысым көрсету тетіктерін қолданбауға шақырамыз.
Панельдік сессияда әлемдік саясат пен экономиканы қаузайтын түрлі мәселелер қаралды. Әр сұрақ жауапсыз қалмады. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның сыртқы саясатына, тіпті Украина мен Таяу Шығыстағы жағдайды реттеуге қатысты қойылған сауалдарға жауап берді. Сондай-ақ ел дамуындағы жастардың рөліне тоқталды.
Авторы: Бекзат Аманов.