Сенат есірткі айналымына қарсы заңды мақұлдады

Елде есірткі бизнесін ұйымдастырушылар мен есірткі және психотроптық заттар мен сол тектес өнімдерді өндірушілер өмір бойына дейін бас бостандығынан айырылады. 

Қызмет бабын пайдаланып, қылмыс жасаған лауазымды адамдарды мүлкін тәркілеп, 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын енгізу көзделіп отыр. Қылмыстық кодекске осы бағытта бірқатар түзету енгізіледі. Сенат «есірткі, психотроптық заттардың, сол тектестердің, прекурсорлардың және күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымына қарсы» заңды бірінші оқылымда мақұлдады. Бұдан басқа, құрамында есірткі бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді қылмыстық топпен және аса ірі мөлшерде заңсыз егіп-өсіргені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі. Қолданыстағы Қылмыстық кодекс нормаларына сәйкес қазір олардың контрабандасы үшін ғана жауапкершілік қарастырылған. Сенаторлар қоғамда нашақорлық және есірткіге қатысты қылмыстардың алдын алудың нақты жүйесі қажет деп есептейді. «Сондай ақ жастар мен жасөспірімдердің бос уақытын спорттық, мәдени және қосымша білім берумен қамту жұмыстарын күшейту маңызды», – дейді.

Наурызбай Байқадамов,  ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Биылғы 11 айда елде 60 есірткі зертханасы жойылды. Тәркіленген синтетикалық есірткінің көлемі 45%-ға артқан. Есірткі заттарын аса ірі көлемде заңсыз сақтау бойынша 430 факті анықталып, есірткі айналымына қатысты 7 мыңнан астам қылмыс тіркелді. Ұйымдасқан қылмыстық топтарды құрып, жетекшілік еткендерге қатысты 12 қылмыстық іс қозғалған. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне сай, елде 18 233 адам есірткіге тәуелділік бойынша есепте тұр. Олардың 59-ы жасөспірім.