Президентке ұшақ апатына қатысты үкіметтік комиссияның жұмысы туралы баяндалды
Ұшақ апатының салдарын жоюға төтенше жағдайлар қызметі 430-дан астам қызметкері мен 80-ге жуық техниканы жұмылдырды.
Аман қалған 29 адам ауруханаға жатқызылды. Зардап шеккендерге қажетті медициналық, психологиялық және басқа да көмек көрсетіліп жатыр. Премьер-министр Президентке Ақтау маңында болған ұшақ апатына байланысты ағымдағы жағдай туралы хабарлады. Үкіметтік комиссияның Ақтау қаласы әуежайының маңында болған Аz Airlines әуе компаниясы Embraer 190 ұшағының апатқа ұшырау себептерін тексеру және зардап шеккендерге көмек көрсету жөнінде жүргізіп жатқан жұмысы туралы баяндалды. Оқиға орнында зардап шеккендерге толық қолдау көрсету үшін тиісті шаралар қабылданған. Әзербайжан Үкіметімен бірлесіп шетел азаматтары мен қаза тапқан жолаушылардың отбасыларына қажетті көмек те көрсетіліп жатыр. Президент зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету жұмысын ерекше бақылауда ұстауды және көршілес елдердің үкіметтеріне қажетті жәрдем көрсетуді тапсырды.