Мәжіліс депутаттары Алматы облысындағы жылыжай жұмысымен танысты

Бүгін Мәжіліс депутаттары Алматы облысындағы жылыжай жұмысымен танысты.

Заманауи кешен жылына 3,5 мың тонна қызанақ өндіреді. Оның 90 пайызы экспортқа шығарылады, 10 пайызы ішкі нарыққа сатылады. Мұнда 100-ден аса адам жұмыспен қамтылған және жылына 100 миллион теңгеден аса салық төлейді. Болашақта қызанақты сақтайтын қойма салуды жоспарлап отыр. Кездесуде депутаттар мемлекеттен субсидия алатын өндірістің негізгі мақсаты -  ішкі нарықты қамтамасыз ету екендігін айтты. Бұл жылыжай электр энергиясы мен тыңайтқыштар үшін жылына 50 миллион теңгеден аса субсидия алады екен.

Серік Егізбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Субсидияның бағыты қандай болу керек? Бюджеттен шыққан ақша болған соң біздің позициямыз бойынша ол ішкі нарыққа кету керек. Ол өзіміздің халыққа қолжетімді бағамен келу керек. Қазақ жерінде өндірілген өнімді шетелге неге шығармасқа.  Дегенмен, ең бірінші біздің қоятын мақсат – өзіміздің халқымызды сапалы әрі қолжетімді осындай өнімдермен біздің дүкендеріміздегі сөрелерімізді толтыруымыз керек.