Елордада Сенат жанындағы талдау мектебінің төртінші маусымы ашылды
Бүгін елордада Сенат жанындағы талдау мектебінің төртінші кезеңіне қабылданған 60 адам оқуға кірісті.
Олардың қатарында, аналитикалық құрылымдарда, мемлекеттік басқару жүйесінде, ұлттық компаниялар мен ғылыми-зерттеу институттарында және PhD ғылыми дәрежесіне ие мамандар бар. Ал жобаға қатысуға 700-ге жуық азамат өтінім берген. Сенат төрағасы жаңа маусымның ашылуымен құттықтап, дәріс оқыды. Мәулен Әшімбаев бұл қоғамдық жоба мемлекеттік қызметте, бизнесте, халықаралық ұйымдарда жұмыс істейтін жас мамандардың талдамалық дағдыларын жетілдіруге ықпал ететінін атап өтті. Қатысушылар Sinovation Venture жасанды интеллект институтының президенті, доктор Кай-Фу Лидің де дәрісін тыңдады.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
- Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев аналитикалық қарым-қабілеті жоғары мамандардың жаңа толқынын даярлаудың маңызды екенін бірнеше рет атап өтті. Қазіргі таңда кез келген шешім көптеген факторларды ескеруді талап ететіні белгілі. Сондықтан аналитика мемлекеттік органдар мен бизнес үшін стратегиялық тетікке айналып отыр. Мұндай жағдайда аналитикалық қабілеттер мен заманауи цифрлық мүмкіндіктердің үйлесім табуы ереше мәнге ие. Талдау мектебі осы стратегиялық міндетті іске асыруға қосылған үлес.
Әйгерім Құсайынқызы, Сенат жанындағы талдау мектебінің қатысушысы:
- Біз 7 бағыт бойынша жұмыс жасаймыз. 7 бағытқа бөлінген адамдар біз аналитикалық талдау жұмысын жасаймыз. Жалпы сенаттың мақсаты ол тек қана заң шығарушы орган ғана емес, ол ҚР-ның саясатын, соның ішінде ұзақ мерзімді, қысқа мерзімді тәуекелдерге, сын-қатерлерге, халықтың сұранысына негізделе отыра шешімдер қабылдау.