БҰҰ-да Қазақстанның құқық қорғау бойынша міндеттемелерін орындауы туралы баяндамасы қаралды

БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі кеңесі жұмыс тобының Женевадағы 48-сессиясында Қазақстанның құқық қорғау саласындағы міндеттемелерінің орындалуы туралы төртінші баяндамасы қаралды.

Халықаралық қауымдастық Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күреске және азаматтық саяси құқықтарды қамтамасыз ету бойынша заңдарға жоғары бағасын берді.

Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев бастаған қазақстандық делегация БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі кеңесіне еліміздегі құқықтық қорғау реформаларының іске асрылуы, түрмедегі азаптауларды жою, бейбіт жиындар мен қауымдастықтар бостандығы, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін қамтамасыз ету және журналистердің құқығын кеңейту, адам саудасы және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы әрекет ету заңнамаларын таныстырды. Баяндаманы қорғау интерактивті диалог форматында өтті. Соның барысында БҰҰ-ға мүше 100-ден аса мемлекет өкілдері ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Қазақстанның 9 мемлекеттік органы мен парламент өкілдері қатысушылардың қойған сұрақтарының барлығына жауап берді.

Ерлан Сәрсембаев, ҚР Әділет министрі:

"Бүгін Қазақстан 4-ұлттық қорғау рәсімдемеден өтті. Біздің делегация еліміздің соңғы 5 жылдағы негізгі жетістіктерін таныстырды. Қоғамды одан әрі демократияландыру азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сондай-ақ құқықтардың үстемдігін нығайтуға бағытталған негізгі реформаларға ерекше назар аударылды. Жалпы айтқанда Қазақстанның адам құқықтарын ілгерілету бойынша атқарған жұмысына жоғары баға берілді. Сондай-ақ адам құқықтары саласындағы заңнама мен практиканы одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныстар айтылды".

Қазақстан БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасымен тығыз қарым-қатынаста. Мұндай серіктестік деңгейі еліміздің адам құқықтары жүйесі мен демократиялық процестерін нығайтудағы басымдықтарын көрсетеді. Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко азаматтық қоғаммен байланысты дамытуда "Адами өлшем жөніндегі диалог алаңының" маңызына тоқталып өтті.

Роман Василенко, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:

"Қатысушылардың дені Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларына қолдау білдірді. 5 жыл бұрын үшінші баяндама жария етілгеннен бері Қазақстанның жақсы жетістіктерге жеткенін айтты. Елімізде өлім жазасы алынып тасталып, оның ата заңымызда бекітілуін, Конституциялық соттың қайта құрылуын, адам құқықтары мен заң үстемдігі бойынша үш жоспардың қабылдануын атап өтті".

БҰҰ-на мүше мемлекеттер Қазақстан реформаларына және біздегі адам құқықтары мен бостандығын нығайту бойынша нақты қадамдарға қолдау білдірді.

Душан Матулай, Словакияның БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесі жанындағы тұрақты өкілі:

"Қазақстан тұрмыстық зорлық-зомбылық, балаларды қорғау және өлім жазасын алып тастау, сондай-ақ демократиялық қағидаттарды дамвтуға септесетін өзге де реформалар жағынан үлкен жетістікке жетті. Конституциялық реформа бойынша да маңызды қадамдар жасалды. Біз сондай-ақ бейбіт жиындарға қатысты қабылданған шешімдерді жоғары бағалап отырмыз. Бұл алға ілгерілеудегі маңызды қадам." 

Ларс Туммерс, Нидерландтың БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесі жанындағы тұрақты өкілінің орынбасары:

"Қазақстан демократияландыру бойынша айтарлықтай жетістікке жетті. Осылайша партиялардың саясатқа араласуын жеңілдетіп, әйелдер, жастар мен ерекше қажеттілігі бар жандарға квоталарды арттырды. Адам құқықтары бойынша Омбудсмен және бала құқығы бойынша уәкіл кеңселерін күшейту де маңызды қадамдардың бірі. Біз бұл бағытта бірге жұмыс істеуге ниеттіміз. Журналистердің қауіпсіздігі де өте маңызды мәселе. Бұл біздің еліміз үшін өзекті тақырып. Және біз осы бойынша бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз."

БҰҰ-ның басты құқық қорғау алаңында айтылған ұсыныс-пікірлер Қазақстанның адам құқықтарын нығайтып, әр азаматтың өмір сүру сапасын жақсартудағы зор әлеуетін айғақтайды.

Жулдыз Атагельдиева, Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов