Қазақстан – Қытай шекарасы уақытша жабылады. LIVE

Қазақстан мен Қытай шекарасы 4 күнге жабылады, деп хабарлайды 24kz.

Осы уақыт аралығында автокөлік бекеттерінің жұмысы тоқтайды. Екі ел арасындағы өткізу пункттерінен адамдар, көліктер мен жүк өткізілмейді.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Иә, шекара жабылады. Бірақ уақытша. Қазақстан мен Қытай арасындағы өткізу орындары 4 күнге жабылады. 27 қаңтар кешкі 20.00-ден 1 ақпан кешкі 20.00-ге дейін жұмыс істемейді. Бұл жөнінде Қытайдың Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің шекара басқармасы ресми хабарлап, жергілікті халықты жаппай ақпараттандырып жатыр.

Осы күндері Қазақстан мен Қытай шекарасындағы өткізу пункттерінен адамдар, көліктер мен жүк өткізілмейді. Десе де, теміржол өткізу бекеттері штаттық режимде жұмыс істей береді. Бұл шектеулер Қытайдағы көктем мерекесіне байланысты. Айта кетейік, Қытай халқына Ай күнтізбесі маңызды. Бұл елдің мәдениеті мен дәстүріне сәйкес жаңа жыл бір айдан астам уақыт бойы тойланады. Шаған мерекесі жалпыхалықтық, отбасылық сипатқа ие. Осы күндері шекарадағы қызмет көрсету орындары, жалпы елдегі барлық мемлекеттік мекемелерден бастап, базар, ойын-сауық орындары түгел жабылады. Дәстүрге сәйкес осы күндері қытайлықтар туып-өскен ауылдарына, ағайын-туыстарына, ауылдағы ата-аналарына барып, бірнеше күн бойы жаппай демалады.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Ескі жылмен қош айтысып, жаңа жылды қарсы алады. Оны 2 мың жылдан астам уақыттан бері тойлап келеді.

Бұл мереке биыл 28 қаңтар мен 4 ақпан аралығына түсіп тұр. Көрші елде 8 күнге демалыс жарияланып отыр. Тасымалдаушылар мен барлық өзге де шекараны кесіп өтуге ниетті азаматтар осы шектеулерді ескеріп, сапарды алдын ала жоспарлағандары дұрыс.