Алматыда 1 миллион 160 мың сайлаушы бар. Алайда бұл көрсеткіш әлі де нақтыланып өзгеруі мүмкін. Бұл туралы бүгін саяси науқанға дайындық барысына арналған брифингте айтылды. Аймақтық сайлау комиссиясының төрайымы Жанна Асанованың айтуынша, Президент сайлауында Алматыда 600 сайлау учаскесі, 8 аудандық және бір қалалық сайлау комиссиясы жұмыс істейтін болады. Қазіргі уақытта дауыс берушілердің тізімін нақтылау, азаматтардың кандидаттарды ұсынған құжаттарын тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әсіресе еш жерде тұрақты тіркеуі жоқ азаматтар сайлаушылар тізімін жасауда қиындық тудырып отыр. Оларға Ішкі істер министрлігі арқылы арнайы хабарламалар жіберіліп, уақытша болса да тіркеуге тұру ұсынылды. Ал тізімде бар сайлаушылар OpenAlmaty және Алматы қаласының әкімдігі сайтындағы телеграмм бот арқылы жеке сәйкестендіру нөмірін енгізіп, өзінің учаскесін біле алады. Жанна Асанова, қалалық аймақтық сайлау комиссиясының төрайымы: - Әрбір азамат қазіргі сәтте егер сайлау тізімінде болмаса, немесе басқа қалада тіркелген болса, арызданып, өзін сол тізімге кіргізе алады. Сондай мүмкіндік бар. Ол кезең жиырмасыншы қазанға дейін. 20 қазаннан кейін тізімдер қағаз түріне айналдырылып, распечатка дейді, учаскелерге беріледі. Содан соң тізімге өзін қосу мүмкіндігі жойылады. Осыны ескерулеріңізді сұраймыз.