Жолдау жүктеген міндеттер 3 жылдың ішінде орындалуға тиіс

Елде 5 министрлік құрылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соның екеуі – Су ресурстары, ирригация және Көлік министрліктері. Ал атом электр станциясын салу немесе салмау мәселесі референдум арқылы шешіледі. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Бүгін Президент халыққа кезекті Жолдауын жариялады. Бұл жолы экономикалық бағытқа басымдық берілді. Нақты не айтылды? Жаңа ведомстволардың алдына қандай міндет қойылады?

 

Жолдау жүктеген міндеттер     

Күздің алғашқы күні. Жаз бойы сілтідей тынып тұрған Парламент ішінде бүгін тағы қым-қуыт тіршілік басталды. Ала жаздай өңірлерде болған депутаттар жұмыс орындарына оралды.

VIII шақырылымның ІІ сессиясы. Парламентке депутаттармен қатар бүгін Үкімет мүшелері, әкімдер мен азаматтық қоғам өкілдері келді. Себебі ІІ сессия Президент Жолдауымен басталды.

Жолдаудағы алғашқы жаңалық, елде Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады. Осылайша, су шаруашылығы жүйесін дамытумен дербес мекеме айналысады. Әйтпесе су тақырыбы Орталық Азияда жыл өткен сайын өзекті болып барады. Тіпті 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы тіршілік көзінің тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін деген болжам бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жалпы біз – трансшекаралық су көздеріне тәуелді елміз. Еуразия құрлығындағы өзендер мен каналдар – баршамызға ортақ табиғат байлығы. Осы су көздері біздің халықтарымызды, экономикамызды жақындастырады. Сондықтан көршілес әрі достас елдермен бұл мәселе бойынша әрдайым өзара түсіністікке және келісімге келу керек. Жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешу – Үкіметтің алдында тұрған аса маңызды міндеттер.

Қазақ «Судың да сұрауы бар» дейді. Мемлекет басшысы халықты тағы үнемге шақырды. Тіршілік нәрін нормадан артық жұмсағандар оның ақысын да жоғары тарифпен төлейді.

Әйтпесе ауыл шаруашылығы саласында судың 40%-і ысырап болып жатыр. Осы бағыттағы нысандардың 60%-і тозып тұр. Сондықтан Президент «өте батыл және шұғыл шаралар қажет» деді. Ең алдымен, тіршілік көзін үнемдейтін озық технологияларды енгізуге басымдық беріледі. Көктемгі қарғын суды жинау да шешімін табады. Ол үшін 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 3500 шақырымдық каналды жаңғырту көзделіп отыр. Жаңадан құрылатын ведомствоның алдында осындай міндет тұр.

Тағы бір ведомство құрылады. Бұл – Көлік министрлігі. 2029 жылға дейін 4 мың шақырымнан астам жолға күрделі жөндеу жүргізіледі. Жүк тасымалының көлемі артады. Теңіз инфрақұрылымын дамытуға арналған біртұтас жоспар құрылады.

Сөйтіп, Батыстағы Құрықты Ақтау порты сияқты толыққанды логистикалық кластерге айналдыру көзделіп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Көлік-логистика саласын қарқынды дамыту – стратегиялық міндет. 3 жыл ішінде оның ішкі жалпы өнімдегі үлесі кемінде 9%-ке жетуге тиіс. Ол үшін саланы тиімді басқару өте маңызды. Сондықтан Көлік министрлігін қайта құрған жөн. Бұл министрлік жол инфрақұрылымын салумен де айналысады. Жалпы алғанда, Қазақстан Еуразия құрлығындағы басты транзит хабы ретіндегі рөлін арттыруы керек. Осылайша, уақыт өте келе көлік-логистика саласындағы ірі мемлекетке айналуымыз қажет.

Көлік саласында Ресеймен және Қытаймен ынтымақтастық жалғаса береді. Транскаспий бағдары арқылы тасымалданатын жүк көлемі 5 есе артады. Ал бұл істе Қытай, Әзербайжан, Грузия, Түркиямен күш жұмылдырамыз. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық дәлізі де өте маңызды. Сол арқылы Парсы шығанағына шығуға болады. Біртіндеп бұл бағыттағы теміржол желісінің өткізу мүмкіндігін 2 есе арттыру керек. Алдымен «Болашақ-Челябинск» теміржол желісінің Қазақстандағы бөлігін жаңғыртуға кірісу қажет. Халықаралық дәліздермен тиімді байланыс орнату үшін логистика қызметін толық ұсыну маңызды. Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе әуежайлары мультимодальды орталық болуға тиіс.

 

АЭС салу референдум арқылы шешіледі

Кейінгі жылы біздің қоғамда атом электр станциясын салу я салмау мәселесі – қызу талқыға түскен тақырып. Бірі қолдайды. Басқасы қажет емес дейді. Яғни, алуан түрлі пікір бар.

Қазақстан – әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет. Ендеше өз жерімізде атом станциясын салуға әбден қақымыз бар, - деді Мемлекет басшысы. Не болса да, АЭС тағдырын халық шешеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Атом электр станциясын салу немесе салмау мәселесі – еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн деп санаймын. Нақты мерзімін кейін анықтаймыз.

Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:

- АЭС-ке қатысты шешім шыққан соң оның технологиясы анықталады. Қалай салатынымызды, кім салатынын шешеміз. Ал референдум кезінде қойылатын сұрақтар депутаттар, сарапшылар және азаматтық қоғам өкілдерімен келісе отырып түзіледі деп ойлаймын. Жалпы әлемдік тәжірибеге сүйенсек, шешім қабылданғаннан кейін АЭС құрылысы шамамен 15 жылға дейін созылады. 

 

Энергетика саласын өзгеріс күтіп тұр

Елді газбен қамтамасыз ету де өзекті. Тауарлы газдың ресурстық базасын кеңейту Үкіметтің және ұлттық газ компаниясының басты міндеті болады. Жаңа газ өңдеу зауыттарының құрылысын үдеткен ләзім. Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ сияқты алпауыттар газды қолжетімді бағамен ұсынуға тиіс. Энергетикалық қауіпсіздік те айрықша бақылауда болады. Президент бұл салада өз ресурстарымызға арқа сүйеген абзал екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Түптеп келгенде, Қазақстан электр қуатын басқа жақтан алмауға тиіс, яғни көршілес елдерге тәуелді болмауы керек. Біздің қазіргі ахуалымыз мәз емес. Бұл – ең алдымен, мемлекеттік қауіпсіздік мәселесі. Жалпы қай жағынан алып қарасақ та, бұған мүлде жол беруге болмайды.

2027 жылға қарай тағы 1,4 гигаваттық қуат көздері іске қосылады. Еліміздің энергетикалық теңгерімінің құрылымы өзгереді. Сутегіден қуат өндіру ісі дамытылады. Бұл өз кезегінде энергетикалық машина жасау саласының әлеуетін арттыруға, жергілікті өндірісті өркендетіп, аккумулятор өнеркәсібін құруға негіз болады. Ол үшін елде шикізат қоры жеткілікті.

 

Жаңа Жолдау

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

- Әділдік, инклюзивтік және үнемшілдік. Осы үшеуі енді экономикалық бағдарымыздың өзегіне айналады. Бұл жолғы Жолдаудың тоқетері – осы. Яғни, Мемлекет басшысы бүгін жаңа экономикалық саясатты жариялады. Ал Жолдауда айтылған міндеттің бәрі 3 жылдың ішінде орындалуға тиіс. Тек аса күрделі тапсырмаларды жүзеге асыру үшін нақты мерзім бекітіледі. Ал міндеттің мінсіз орындалуын Президент жіті бақылайды.

Авторы: Қорған Қонысбайұлы.