Жаңа Үкіметке міндеттер жүктелді
Мемлекет басшысының Жарлығымен Олжас Бектенов Үкімет басшысы болып тағайындалды.
Оның кандидатурасын «AMANAT» партиясы ұсынып, Мәжіліс депутаттары оны Премьер-министр лауазымына тағайындауға келісім берді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев төменгі палатаның пленарлық отырысында жаңадан жасақталатын Үкіметке жүктелетін міндеттерді атады.
Ата Заңға сәйкес Үкімет басшысының кандидатурасы Парламенттегі партия фракцияларымен талқыланады. Президент әуелі саяси құрлым өкілдерімен кездесті. Одан кейін Мәжілістің пленарлық отырысына қатысты. Жаңа үкіметке жүктелген міндет көп. Экономикалық өсімді төмендетпеу. Халықтың әл-ауқатын арттыру. Қазақстанды озық елге айналдыру. Бұл – жалаң ұран, жалынды сөз емес. Дамудың басты қағидаты болуы керек, - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз еліміздің әлеуетін одан әрі арттырумыз керек. Бұл – алдымызда тұрған биік мақсат. Сондықтан босаңсуға болмайды. Басқа сөзбен айтқанда, ұзақмерзімді стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу үшін мұның бәрі жеткіліксіз екені анық. Қазақстанды озық елге айналдыруымыз керек. Бұл жай ұран емес. Бұл – біздің нақты жоспарымыз. Бізге керегі – дамудың сара жолы. Сондықтан түбегейлі саяси реформалар жүргізумен қатар еліміздің қоғамдық-экономикалық өмірінде елеулі өзгерістер жасау үшін батыл шаралар қабылдауымыз керек. Ең бастысы, біздің бүкіл іс-әрекетіміз Әділетті Қазақстан құру қағидатына сай болуға тиіс.
Жаңа Үкімет жаңа экономикалық саясатты ұстанады. Қалыпты жағдай әрине. Тек күн тәртібінен түспеген қағида бар. Жаһандағы сын-қатерлер мен дағдарыстар жедел іс-қимырдар мен табанды шешімдерді қажет етеді. Үкімет осы талап үдесінен шығу үшін өз жұмысын жаңа деңгейге шығару тиіс. Мемлекет басышысының талабы да осы. Елдің әлеуметтік-экономикалық саясатына жаңа серпін беру міндеті тағы тұр. Тек бұл жұмысты сөз жүзінде емес, іс жүзінде орындайтын уақыт жетті, деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ең бастысы, біздің барлық іс-әрекетіміз «Әділетті Қазақстан» құру қағидатына сай болуға тиіс. Алдымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық саясатына жаңа серпін беру керек, яғни экономиканың барлық саласын дамыту, ынталандыру жолдары мен алдағы міндеттерді қайта қарау қажет. Түптеп келгенде, мемлекет енді үздіксіз қолдау шараларынан нағыз сапалы дамуға қолғабыс ету ісіне түбегейлі көшуі керек. Бұл жұмысты сөз жүзінде емес, іс жүзінде орындайтын уақыт жетті.
Бұл міндет енді Олжас Бектеновке жүктеледі. «AMANAT» партиясы ұсынған кандидатты депутаттардың басым көпшілігі қолдап дауыс берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Олжас Бектенов – тәжірибелі мемлекеттік қызметші. Оның Қазақстан экономикасы және басқа да салалар бойынша білімі мол, ұйымдастыру қабілеті жоғары, өзі – тәртіпті, адал, еңбекқор азамат. Сондықтан ел экономикасының алдында тұрған мақсаттарды жүзеге асыруға қабілеті жетеді деп ойлаймын.
Сонымен Үкімет басшысының жаңа кандидатурасын 69 депутат қолдап, жетеуі қалыс қалды. Жаңадан тағайындалған Премьер-министр Олжас Бектенов сенім артқаны үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Парламент Мәжілісінің депутаттарына алғыс айтып, Үкіметке жүктелген міндеттерді атқаруға бар күш-жігерін салатынын жеткізді.
Авторлары: Қуандық Танабас, Алмас Омарғалиев.