Қазақстандықтарға бір жылда ₸304 млрд айыппұл салынды

304 млрд теңге. Қазақстандықтарға былтыр осынша қаржыға айыппұл салынды. Ал әкімшілік құқықбұзушылық саны 15 млн-нан асқан. Әрине, бұл шара қоғамды тәртіпте ұстап, қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған. Алайда біздегі қомақты айыппұлды қарашаның қалтасы көтере ме?

Айыппұл басқан әр адым, қарызға батып барамын, – деп шырылдайды қараша. Алайда осындай бейберекетсіздік болмас үшін темірдей тәртіп керек-ақ. Ашығын айту керек, қомақты айыппұл тазалық ғана емес, қауіпсіздігімізді де қорғайды. Демек жазаның бұл түрі – сіз бен біз үшін жасалған еріксіз қадам. Иә, тентектерді тезге салуды кім қолдамайды? Қазір қала көшелеріндегі дәл осы бейнебақылау камералары асауларды тұсап тұрғанын мойындау керек.

Бұл жүгенсіз жүргізушілерді жөнге келтіретін «Сергектің» мүмкіндігі. Қала көшелерін кірпік қақпай күзететін камераның қырағалығынан құтылу мүмкін емес. Құрылғы тасжолға темірдей тәртіп енгізді. Шаһарларда бұдан өзге бейнебақылау камералары көп. Заңды көлденең бассаң, жазаға ұшырайсың. Әрине, қауіпсіздік бірінші орында дерсіз. Бірақ бұған қатысты халықтың пікірі қақ жарылды. Бірі қолдаса, енді бірі айыппұлдың мөлшеріне наразы.

Сауалнама:

- Тәртіпсіз болсаң, айыппұл төлемейсің ғой. Барлығы тәртібімен жүретін болса, көрінген жерге түкірмей, темекі тартпай, машинаны қатты айдамай жүрсең, болды, айыппұл жоқ қой.

- Лұрыс емес деп ойлаймын. Неге десеңіз, қазір халықтың жағдайы ондай бір не емес қой. Жаңағы жалақысы да аз. Барлық нарсеге айыппұл сала берсе, оның бәрін қалай төлейді, мәселен? Барлық нәрсе қымбаттап жатыр.

- Ақылы бар адам, көзі ашық, көкірегі ояу әр адам өзі үшін әдепті болып жүру керек, жаңағыдай жол жүру ережелерін бұзбай, темекі қалдықтарын лақтырмасын. Енді заң болғаннан кейін заңға бағынуға тиіс. Ал жаңағы айыппұл бойынша... Ешқандай оны өзгертудің қажеті жоқ деп ойлаймын.

- Таксистерің өздері жүр бала-шағаның қамы үшін, ақша табады, кейде асығады. Болады оқиға, кез келген адамның басынан өтеді. Жасаймын деп жасамайды. Заңбұзушылық па? Абайсызда болып қалды, бізде кешірім деген нәрсе жоқ.

Халық пікірі – осындай. Тәріпті жақтайтындар да, жеңілдікті қостайтындар да табылады. Керіағар түсініктің пайда болуы түсінікті.

Кейінгі 5 жылдың ішінде елде тіркелген әкімшілік құқықбұзушылықтар саны 2,5 есе өсті. Ал айыппұлдың өсімі былтыр рекордтық көрсеткіш тіркеді. 2019 жылғы статистикамен салыстырғанда 4 есе өсіпті.

Әкімшілік құқықбұзушылық саны:

2019 жыл – ₸6 084 055

2024 жыл – ₸15 130 010

Әкімшілік айыппұл мөлшері:

2019 жыл – ₸71 858 473 430

2024 жыл – ₸304 271 231 508

Айыппұл сомасы бойынша Алматы қаласы көш бастап тұр. Мегополис тұрғындары 60 млрд теңге төлеген. Дені жол ережесіне қатысты екеніне айта кету керек. Одан кейін тізімді Маңғыстау облысы жалғайды. Онда 40 млрд теңгеден аса қаржыға хаттама толтырылған. Бұл өңірде айыппұл негізінен экологияны бұзған кәсіпорындарға салынды. Ал үштікті Атырау облысы түйіндеп тұр. Мұнда тұрғындар 31 млрд теңгенің айыппұлын арқалады. Елорда антилидерлер тізімінде төртінші орында.

Өңірлер бойынша салынған айыппұл көлемі:

Алматы қаласы – ₸60,1 млрд

Маңғыстау – ₸40,5 млрд

Атырау – ₸31,8 млрд

Астана – ₸28 млрд 

Тәртіп бұзғандардың басым бөлігі айыбын қаржымен өтейді. Ал ескерту сирек беріледі. Заңды бұзғандардың 84%-не хаттама толтырылған. Бұл тұрғыда заңгер Нұрсұлтан Орынбек мәселенің салдарымен емес, себебімен күресуді ұсынып отыр.

Нұрсұлтан Орынбек, заңгер:

- Адамдарды жазалағаннан гөрі мүмкіндігінше түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, ескерту беріп, құқықтық мәдениетті бала кезден қалыптастыру керек деп есептеймін.

Ал Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақтың айтуынша, ескерту шарасы жаза ретінде тиімділігін көрсетпеді. Мемлекеттік органдардың ұстанымы осындай.

Үнзила Шапақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Соңғы жылдары ескерту шарасы жаза ретінде тиімді емес деп мемлекеттік органдардың ұстанымы осындай. Біз ескерту жасаймыз. Бірақ заңбұзушылық жасала береді. Сондықтанда да қалтасына түсу шарасы болып жатыр. Әрине, екі жақтан да бақылауға алу керек. Заңды тұлғаларды да, жеке тұлғаларды да заңда көрсетілген талаптарды бұзбауға үйрету керек.

Депутат құқықтық сауаттылықтың да маңызына тоқталады. Халық заңға тиянақты болса, жазадан да ада болар еді. Ал мәжіліс тарапынан әкімшілік айыппұлдар мөлшерін азайтуға қатысты ұсыныс жасалып жатқанын айтады.

Үнзила Шапақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Төмендету бойынша сұрақтар көтеріліп жатыр. Себебі азық-түлік бағасының ұлғайтылуына байланысты, жалақының өзгермеуіне байланысты міндетті түрде қойылатын жаза, алатын айыппұл адамдардың төлем қабілеттілігіне сәйкес келуі керек. Одан тыс жоғары бағаларда ала білген ол әрекетті шектеуге тиімді емес.

Бұл мәселе алдағы күндердің еншісінде. Айыппұлды азаматтардың табысына қарай саралап есептеу – халықаралық тәжірибеде бар үрдіс.

Авторы: Бекзат Аманов.