Түркістан облысындағы оқу-өндірістік комбинатының жағдайы мүшкіл
Түркістан облысында жұмысшы мамандықтарды даярлайтын оқу-өндірістік комбинаттың жағдайы сын көтермейді, деп хабарлайды 24KZ. Мақтаарал ауданында орналасқан оқу орны жарты ғасырдан бері толық жөндеу көрмеген. Қазір онда 2 мыңға жуық бала негізгі сабақтан кейін тігінші, автоэлектрик, көлік жүргізуші мамандықтары бойынша кәсіптік білім алады. Биылғы «Жұмысшы мамандықтар» жылының бұл оқу орнына септігі тие ме? Комбинат ғимараты қашан жөнделеді?
Оқу-өндірістік комбинаты өткен ғасырдың 1978 жылы ашылған. Содан бері талай жұмысшы мамандарды даярлап шығарды. Қазір 1800-дей жоғары сынып оқушысы тігінші, автоэлектрик, көлік жүргізуші мамандықтары бойынша білім алып жатыр. Бірақ ата-аналар оқу ғимараты жөндеуді қажет ететінін айтады. Ал оқушылар салқын бөлмеде білім алуға мәжбүр.
Мұқанбай Сейдуалы, оқушы:
- Сыныбымыз өте суық. Сыныпта біз көп отыра алмаймыз. Ол жақта үстіңе куртка киіп қана отыруыңа болады. Ғимаратта әжетхана, ыстық су – ештеңе жоқ. Әжетхана далада, су да сыртта, ол да сұздай. Біз сол жағынан қиналамыз.
Күміс Үмбетова, ата-ана:
- Қиналғанда қалай? Тоңады, отыра алмайды. Сосын келгісі келмейді. Амал жоқ, жібереміз. Олар үйге барып тексереді, бала қайда деп. Дұрыс бұлардікі де. Сондақтан көмектессін.
Жылу болмағандықтан, ғимараттың екінші қабаты жабық. Электр желілері де тозған.
Болат Селеубаев, оқу-өндірістік комбинат директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары:
- Мынау токтың сымдары 1958 жылдан бері жаңартылмаған. Тозығы жеткен әбден. Төрт сынып бос қазір. Жылуы жоқ. Бұл жерде жауып қойғанбыз. Батареялары жоқ, бәрін жаңадан қойып шығу керек.
Сынып бөлмелерінің едені де шұрық-тесік. Материалдық-техникалық базасы мен жиһаздары да жаңартылмаған. Мұғалімдер өткен ғасырдың оқу құралдарымен үйретуге мәжбүр.
Гулбу Қубатбекова, оқу-өндірістік комбинатының директоры:
- 11-сыныптың оқушылары дәл осы кішкентай ғана орындықтарда отырады. Жиһаз деген мүлдем бізге келмейді. Біз мектептерден сұрап аламыз. Көрнекіліктер де – дәл сол бұрынғы жылдан бері келе жатқан көрнекіліктер. Ремонт мүлдем жоқ бізде. Тігін бөліміндегі машинкаларымыз да ескі. Компьютерлер мүлдем жоқ бізде. Баяғы ескі компьютерлермен отырмыз, ол бірде істесе, бірде істемейді.
Мұнда оқушылар 6 мамандық бойынша кәсіптік білім алады. Соның 30%-і жұмысқа орналасса, қалғаны орта және жоғарғы оқу орындарында білімін жалғастырады. Аудандық білім бөлімінің басшысы оқу ғимаратының жай-күйімен жақсы таныс. Күрделі жөндеуден өткізу бойынша сметалық құжат жасалғанын жеткізді.
Асанхан Қошқаров, Мақтаарал аудандық білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы:
- Біз білім басқармасына ұсынғанбыз осы мәселеге қаржы қарау бойынша. Егер білім басқармасынан қолдау тапса, биыл күрделі жөндеуге енеді. Сол кезде мәселенің бәрі шешіледі.
Ал облыстық білім басқармасы: «Өндірістік комбинаттың мәселесін алдағы екі жылда шешеміз», – деп отыр.
Азамат Таңатаров, білім басқармасы құрылыс және материалдық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы:
- Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттамасына өзгерістер енгізіліп жатыр. Түзету жұмыстары аяқталғаннан кейін біз бюджетке ұсынып, 2026-2027 жылға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіземіз деп жоспарлап отырмыз.
Қазір Түркістан облысында 120 білім беру ұйымы бастан-аяқ жөндеу жұмыстарын қажет етеді.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш.