Атырау облысында бұқаралық спорт дамып жатыр
Ауыл баласы ала доп тебуге қызығады. Атырау облысының Мақат ауданында 3 мың бала спорттың 18 түрі бойынша шеберлігін шыңдап жүр. Оның ішінде футбол десе, ішкен асын жерге қоятын жасөспірім көп. Ауданда соңғы 4 жылда 3 ірі спорттық кешен салынды. Жалпы облыс бойынша 36 нысанның құрылысы жоспарланса, біразы ел игілігіне тапсырылды. Өңірде 400 мың адамның бұқаралық спортпен шұғылдануына жағдай жасалған.
Мақаттағы футбол алаңында күнұзағы балалар шулап, доп теуіп жүреді. 13 жасар Сартай Бауыржанұлының командасы бүгін тағы қарсыластарын қапы қалдырды. Себебі командаластары көп жаттығады, бос уақытын осы алаңда өткізеді.
Сартай Бауыржанұлы, оқушы:
- Аптасына бес рет келемін. Осы жақтан көп дос табасың, күн ыстық болғандықтан, футболға кешке қарай келемін. 14:00-де сабақтан шығып, футболға келемін. Өскенде футболист болғым келеді.
Аталған спорт мектебінде футболдан өзге спорттың 8 түрінен 650 оқушы жаттығады. «Олардың алды түрлі сайыста топ жарып жүр», - дейді бапкерлер.
Әмірхан Жүгінісов, спорт мектебінің тәлімгері:
- Мақат ауданында балалар дамыған футболға қызығады. Дзюдо, еркін күрес түрлерінен, бокстан да ҚР чемпиондары, облыс чемпиондары осы мектебімізден шығып жатыр. Жақында ғана Бақтығали Заманбек 66 келі салмақта Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды.
30 мыңнан астам тұрғыны бар ауданда 12 мыңдай адам салауатты өмір салтын ұстанады. Оларға барлық спорт секциясы тегін қызмет көрсетеді. Былтыр пайдалануға берілген 3 спорт кешенінде 3 мыңдай бала мен жасөспірім спорттың 18 түрімен шұғылданады. Биыл тағы бірнеше кешеннің құрылысы аяқталады.
Нұрлан Есболов, аудандық Мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:
- Биылдың өзінде Доссор кентінен, Бәйгетөбе ауылдық округінен бір-бір спорт кешені, Мақат кентінен көпсалалы бір спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Бірнеше жасыл желекті ойын алаңдары және спорт құрылғылары салынуда. Жылдың аяғына дейін көптеген нысан пайдалануға беріледі.
2021-2025 жылдары облыста 36 спорт кешені мен 25 воркауд жаттығу алаңын салу жоспарланды. Биыл Мақаттан өзге Исатай, Махамбет, Индер аудандарында спорт кешендері пайдалаунға беріледі. Ал облыс орталығынан салынатын дарынды балалар арналған спорт мектеп-интернатының жобалық-сметалық құжаты жасалып, құрылысы келесі жылы басталады.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Амантай Мәтенов