Е. Рыбакинаның жеңіс сериясы Дохада тоқтады

Ел үздіктері Шымкентке жиналды. Мұнда ауыр атлетикадан жастар арасында Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр. Айтулы жарысқа еліміздің 16 аймағынан 200-ден аса спортшы барды.

Олар жұлқа және серпе көтеру сайыстарында кіл мықтыны анықтайды. Жарыс 16 ақпанға дейін жалғасады. 

П. Колмаков жекелей сында жарыс жолын аяқтады

Павел Колмаков жекелей сында жарыс жолын аяқтады. Италияның Милан және Кортина қалаларында өтіп жатқан XXV қысқы Олимпиада ойындарының ерлер арасында фристайл-могул бойынша алғашқы финалдық бәсекесі өтті. Жерлесіміз жарыс жолына 12-ші болып шығып, 75.70 ұпай жинады. 16-шы орыннан көрінген Павел алғашқы финалдан ары аса алмады. Ереже бойынша үздік сегіздік олимпиада жүлдесіне таласады.

Н. Морозова командалық сында бақ сынайды

Еліміз конькиден 5000 метрлік жарысқа спортшы қосты. Ақ олимпиада ойындарында бұл қашықтықта Надежда Морозова сынға түсті. Бұған дейін 4 жылда бір өтетін қысқы бәсекеге әйелдер арасында 5000 метрге тек Людмила Прокашева 1994, 1998 және 2002 жылдары қатысқан. Ол 1998 жылы дәл осы қашықтықта қола жүлде жеңіп алған болатын. Алайда Надежда бұл жеңісті қайталай алмады. Жерлесіміз межені 7 минут 4 секундта еңсеріп, жарыстың келесі кезеңіне өте алмай қалды. Енді бұрымды спортшымыз ертең командалық сында бақ сынайды.

6 спортшымыз жарыс жолына шығады

Аппенин түбегінде өтіп жатқан байрақты бәсекенің 6 шы күні 6 отандасымыз жарыс жолына шығады. Әуелі шаңғы жарысынан ерлер арасындағы жекелей сында Әмірғали Мұратбеков, Виталий Пухкало, Наиль Башмаков бақ сынайды. Артынша биатлоншы Владислав Киреев пен Әсет Дүйсенов жүлдеге қол созып көреді. Ал бүгінгі жарыс күнін Михаил Шайдоров түйіндейді. Иә, бар үмітіміз мәнерлеп сырғанаушыда. Жерлесіміз осыған дейін мәнерлеп сырғанаудың қысқа бағдарламасын бесінші орынмен қорытындылады. Спортшы осы жарыстан кейін «сәл тынығып аламын да, негізгі жарыста жанкүйерлерді қуантуға тырысамын» деп ақтарыла сөйлеген болатын. Өзіне сенімді жерлесіміз еркін бағдарламада сынға түседі.

Е. Рыбакинаның жеңіс сериясы Дохада тоқтады

Елена Рыбакинаның жеңіс сериясы Доха турнирінде тоқтады. Қазақстанның бірінші, әлемнің 3-ракеткасы ширек финалда  19 жастағы Виктория Мбокомен ойнады. Канадалық спортшы теннис әлемінде өткен жылдан бері жарқырай көрінген жас жұлдыз болатын. Осыған дейін қарсыластар үш рет кездесіп, соның екеуінде Елена жеңген еді. Алайда жерлесіміз осы жолы қарсыластан айласын асыра алмады. Қорытынды есеп 2:1. Осы турнирдің бірінші ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентек те күтпеген жерден ширек финалда сүрінді. Жарыстың 1-ші ракеткасы грекиялық Мария Саккариге есе жіберді.

Қазақстан құрамасы Мажарстанмен кездеседі

Футболдан ұлттық құрама Мажарстанмен жолдастық кездесу өткізеді. Бұл туралы федерацияның баспасөз қызметі мәлімдеді. Ойын 2026 жылдың 9 маусымына белгіленген. Ол «Түркістан Арена» стадионында өтеді. Алдағы кездесу Қазақстан мен Мажарстан құрамалары арасындағы үшінші матч болмақ. Бұған дейінгі екі ойында ел құрамасы бір жеңіске жетіп, бір рет жеңіліс тапқан. Айта кетейік, кеше футболдан 2026-27 жылғы UEFA Ұлттар лигасының жеребесі тартылды. Отандастарымыз алдағы маусымда С лигасының үшінші тобында өнер көрсетеді. Қарсыластары – Словакия, Фарер аралдары және Молдова. Жаңа маусымда 54 ұлттық құрама төрт лигаға бөлінеді. Ережеге сәйкес С лигасында 4 құрамадан тұратын төрт топ құрылады. Әр құрама топтық кезеңде 6 матч өткізеді. Оның үшеуі үйде, қалған үшеуі сырт алаңда болады. УЕФА Ұлттар лигасының матчтары 2026 жылы қыркүйек айында басталады.

А. Айымбетов Петролул командасына ауысты

Абат Айымбетов енді «Петролул» командасында доп тебеді. Бір жылдай алаңға шықпаған жерлесіміз Румыниялық клубпен келісшарт жасасты. 1924 жылы құрылған команда өз елінде төрт мәрте чемпион атанған, сондай-ақ үш мәрте күміс, төрт мәрте қола жүлде еншілеген. Команда сапында негізінен румыниялық футболшылар ойын көрсетеді. Ал жерлесіміз Абат Айымбетов алғашқы қадамын 2012 жылы «Ақтөбе» командасында бастады. Одан кейін алматылық «Қайрат», елордалық «Астана» клубтарында ойнады. Ал 2024-2025 жылғы маусымда ол «Адана Демирспор» сапында Түркия суперлигасында тәжірибесін арттырды. Абат Айымбетов еліміздің ұлттық құрамасы сапында 2019 жылдан бері ойын көрсетіп келеді.