Қазақ қыз-жігіттері Премьер-лигада топ жарды

Азамат Дәулетбеков пен Едіге Қасымбек үздік үштікке кірді. Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында күрес түрлерінен Азия чемпионаты аяқталды. Жарыстың соңғы күндері еркін күрес бойынша бәсекелер болды.

Өкінішке қарай, қазақ жігіттері алтынға қол соза алмады. Тек 92 келідегі Азамат Дәулетбеков пен 125 келідегі Едіге Қасымбек қола жүлдегер атанды. 

Қоржынымызда төрт медаль. Оның біреуі - алтын. Қытайдың Лэшань қаласында каратэден әлемдік Премьер-лига өтті және қазақ қыз-жігіттері кезекті рет керемет нәтиже тіркеді. Әсіресе әйелдер арасында аса ауыр салмақтағы Софья Берульцева қарсылас шақ келтірмеді. Ол финалда Непал өкілі Арика Гурунгтан басым түсті.

Айта кету керек, Софья тұрақты нәтиже көрсетіп келеді. Жыл басынан бері үш әлемдік Премьер-лига өтсе, үшеуінде де топ жарды. Яғни Түркияда, Италияда, енді, міне, Қытайда алтын алып отыр. Бұған қоса, Лэшань қаласындағы жарыста әйелдер арасында Әсел Қанай, ал, ерлер арасында Нұрқанат Әжіқанов күміс жүлдегер атанды. Тағы бір спортшымыз Олжас Алтынбек өз салмағында үздік үштікті түйіндеп, қола жүлдеге қол созды.  Осылайша 1 алтын, 2 күміс және 1 қоланың арқасында Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте төртінші орынға тұрақтады. Яғни, әлемдік аламанға қатысқан 69 елдің ішінде төртінші тұрмыз. Енді алдағы айда Премьер-лиганың шешуші төртінші кезеңі өтеді. Оны Марокко елі қабылдайды. Сәйкесінше, қазақ қыз-жігіттері жеңіс жолын жалғап, әлемдік рейтингтегі жоғарғы сатыны ұстап қалады деп сенеміз.

Таеквондодан жастардың Әлем чемпионаты

Қазақ жастары әлем чемпионатына аттанды. Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында таэквондодан дүниежүзідік дода басталды. Кеше ресми ашылу салтанаты өтті және алғашқы медальдар сарапқа салынды. Жастар арасындағы Әлем чемпионатына 20 бірдей спортшымыз қатысады. Яғни, ұлдар арасында 10, қыздар арасында 10 салмақта бақ сынайды. Әсіресе Айым Серікбаева, Шахиризада Акрамова, Сағи Мәдиұлы, Алидар Әбдукәрімов және ағайынды Мұхамедали мен Нұраәлі  Махмұдтарға үміт зор. 119 елдің  өкілдері қатысып жатқан байрақты бәсекеде топ жару оңай емес. Десе де, Айтжан Алдабеков пен Енг Ро жаттықтыратын қазақ қыз-жігіттері Ташкент төрінде барын да, жанын да салып, жүлдеге қол созуға тырысады.

Әлем чемпионатының өзі 5 күнге жалғасады. Жарыстың жалпы қорытындысы 17 сәуірде белгілі болады. Ел намысын қорғап жатқан спортшыларға сәттілік тілейміз.

Төрехан Сабырхан мәлімдеме жасады 

«Мен үшін де, ағам үшін де үлкен сабақ болды. Біз ары қарай тер төгеміз». Азия чемпионатының финалында есе жіберіп, күміс жүлдегер атанған Төрехан Сабырхан осындай мәлімдеме жасады.

Әлеуметтік желідегі парақшасына жариялаған жазбасында ересектер арасындағы құрлықтық додаға алғаш қатысып жатқанын айтады. Алдағы уақытта осы жарыстағы олқылықтарды ескеріп, кем-кетіктерді түзеп, бұдан да жақсы өнер көрсетемін деген түйін жасады.

Айта кетейік, Төрехан жасөспірімдер арасында 4 мәрте Азия чемпионы атанды. Былтыр ғана ересектер арасына ауысып, тіпті, Әлем чемпионы атанып үлгерді. Ал жуырда ғана Моңғолияның Ұланбатыр қаласында өткен Азия чемпионатының финалына иордалық Зейад Ишаишке есе жіберіп, қоржынымызға күміс жүлде салды.

ЦИТАТА: Төрехан Сабырхан, Азия чемпионатының жүлдегері

 «Бұл - ересектер арасындағы алғашқы біріншілігім. Қуған жетпес, бұйырған кетпес. Бұйырғаны күміс болды. Азия чемпионатында бар күшімді салдым. Аянбадым. Мен үшін де, ағам үшін де үлкен сабақ болды. Біз ары қарай да тер төгеміз. Сабырхандарды ешкім сындыра алмайды. Қолдауларыңыз үшін мың алғыс!»