Әлем чемпионына құрмет көрсетілді

Әлем мықтылары Астанаға жиналады. Мамырдың 8-10 аралығында бұнда дзюдодан гранд-слэм бәсекесі болады.

Айта кету керек, байрақты бәсеке елордада осымен төртінші жыл қатарынан ұйымдастырылып жатыр. Әзірге қатысушылардың нақты саны белгісіз. Белгілісі жеңімпаздарға қомақты қаржылай сыйақы беріледі. Бұған қоса олар әлемдік рейтингке қажетті ұпайлар алады.

Айым Серікбаеваға 10 мың, ал, оның бапкеріне 5 мың доллар берілді. Таеквондодан әлем чемпионатында тарихи нәтиже тіркеген жерлестеріміздің еңбегі еленді. Олар күні кеше спортқа жауапты министр Ербол Мырзабосыновтың қабылдауында болды. Кездесу барысында Ташкент төрінде жеңіске жеткен барлық спортшыларға қаржылай сыйақы табысталды. Атап айтқанда, қазақ қыздары арасынан алғаш әлем чемпионы атанған  Айым Серікбаеваға және оның жеке жапттықтырушысына Қазақстан таеквондо федерациясы президенті уәде еткен сертификат берілді. Бұған қоса, қола жүлдеге ие болған Ерасыл Ерзат, Ислам Медетбай, Алидар Әбдікәрімов және Әділет Шеріге 2 мың доллардан, ал, оларды дайындаған бапкерлерге 1 мың доллардан сыйақы тағайындалды. Айта кетейік, Өзбекстан астанасында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында қазақ қыз-жігіттері 1 алтын және 4 қола жеңіп алып, жалпы командалық есепте жарысқа қатыстқан 119 елдің арасынан 8-орынға тұрақтады.

Бүгін шаршы алаңға кімдер шығады?

Бүгін Фарух Тоқтасынов пен Севон Окадзава кездеседі. Бразилияда бокстан әлем кубогі жалғасып жатыр және көпшілік тағатсыздана күтіп жүрген жекпе-жектер болады. Әсіресе 70 келіде қазақстандық Фарух Тоқтасынов пен жапониялық Севон Окадзава жолығады. Фарух алғашқы айналымда ирландиялық боксшыны жеңді. Ал Севон жарысты екінші айналымнан бастайды. Фарух-Севон жекпе-жегінің жеңімпазы ширек финалға жолдама алады. Бұған қоса ерлер арасында 50 келідегі Даниял Сәбит венгриялық, 80 келідегі Диас Молжігітов австриялық жігіттермен қолғап түйістіреді. Әйелдер арасында да өте тартысты жекпе-жектер күтіп тұр.

Әсіресе салмағын ауыстырып, 54 келіге көтерілген Назым Қызайбай кезекті кездесуін өткізеді. Бұл жолы оның қарсыласы - польшалық Виктория Рогалинска. Бұған қоса, 60 келідегі Виктория Графеева венгриялық, 70 келідегі Наталья Богданова түркиялық боксшылармен өзара мықтыны анықтайды. Бразилиядағы бокс бәсекесі 27-сәуірге дейін жалғасады. Әлемдік аламанға 17 спортшымыз аттанған болатын. Олардың 14-і қазір жарысты жалғасырып жатыр.

Айбек Оралбай: босаңсуға болмайды

Аса ауыр салмақта бір соққының өзі бүкіл кездесудің тағдырын шешеді. Сондықтан босаңсуға мүлде болмайды. Бокстан ұлттық құраманың капитаны Айбек Оралбай осындай мазмұндағы сұхбат беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті. Айта кетейік, ол жуырда ғана Моңғолияда өткен Азия чемпионатында топ жарып, құрлықтық додада үш мәрте жеңіске жеткен алғашқы қазақ атанды. Десе де, Айбек оған тоқмейілсіп тұрған жоқ. Алда Азия Ооындары бар. Осы  орайда қайтадан жаттығу жұмыстарына крііспек. «Қазір біріккен оқу-жаттығу жиындарында тәжірибе алмасып, шеберлігімді шыңдап жатырмын. Азия ойындарына дейін бірнеше шетелдік боксшылармен дайындалу жоспарымызда бар», - деді Айбек.

Айбек Оралбай, Ұлттық құрама капитаны:

- Моңғолиядағы құрлықтық жарысқа Әлем чемпионы әрі екі дүркін Азия чемпионы ретінде барған соң, фаворит ретінде саналдым. Бұның артықшылығы – өз-өзіңе деген сенімділігің болады. Бірақ мүлде босаңсуға болмайды. Өйткені қарсыластар атағы бар боксшылармен барын салып жұдырықтасып, сенсация жасауға тырысады. Оның үстіне аса ауыр салмақта күтпеген бір соққы жекпе-жектің тағдырын шешіп кету ықтималдығы жоғары.

Өнер көкпары қайта жанданады

Өнер көкпары қайта жанданады. Араға ұзақ уақыт салып ұлттық спортымыздан ерекше форматтағы жарыс қайтадан ұйымдастырылмақ. Яғни аттың үстінде жүрген өнер және медиа саласының мамандары мамыр айында Талдықорған қаласында бас қосып, өзара мықтыны анықтайды. Қазірдің өзінде оған алты команда тіркелді. Атап айтқанда, Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан, бұған қоса Қарағанды, Жамбыл және Алматы облыстарынан арнайы командалар келеді. Әрқайсысының сапында елімізге танымал өнер жұлдыздары бар. Бұл бәсеке көкпардан жылдың басты жарысы саналатын Қазақстан чемпионаты аясында болады.