«Команданың жарық сәулесі»: Британдық жанкүйерлер Дастан Сәтпаевтың ойынына тәнті болды
Қазақстандық жас талант Дастан Сәтпаев өнер көрсететін ағылшынның «Бернли» клубы Англия лигасы кубогының 2-раундында «Брэдфорд Сити» командасына қарсы сырт алаңда өнер көрсетіп, жарыс жолынан тыс қалды, деп хабарлайды «24KZ». Дегенмен, бұл кездесу қазақстандық жанкүйерлер мен шетелдік футбол сүйер қауым үшін ерекше маңызға ие болды, өйткені 18 жастағы жас шабуылшы алғаш рет негізгі құрамда алаңға шықты.
«Вэлли Пэрейд» стадионында өткен тартысты матчтың негізгі уақытында есеп ашылған жоқ — 0:0. Регламент бойынша қосымша таймдар қарастырылмағандықтан, тағдыр шешуші пенальти сериясында шешілді. Онда үшінші дивизион өкілі «Брэдфорд» мергендік танытып (4:2), келесі кезеңге өтті. «Бернли» сапында Зеки Амдуни мен Якоб Бруун Ларсен пенальтиді мүжіт жіберді.
Нәтиже сәтсіз болғанымен, алаңда 80 минутқа жуық өнер көрсеткен Дастан Сәтпаевтың белсенділігі мен ойыны шетелдік сарапшылар мен жанкүйерлердің жоғары бағасына ие болды. Ол матч барысында қауіпті шабуылдар ұйымдастырып, әріптестеріне пас таратумен көзге түсті. Тіпті Sofascore порталы жүргізген ресми дауыс беру нәтижесінде «Бернли» жанкүйерлері қазақстандық футболшыны командадағы ең үздік ойыншы деп таныды (493 дауыстың 134-ін жинаған).
Ағылшын жанкүйерлері әлеуметтік желілерде жас ойыншының әлеуетіне тәнті екендіктерін жарыса жазуда:
-
"Сәтпаев бүгін алаңда бар күшін салды. Оның техникасы мен шабуылға ұмтылысы ұнады, командадағы негізгі орынға лайық екенін дәлелдеуде."
-
"Жарияланған нәтиже көңіл көншітпесе де, Дастанның ойыны команданың жарық сәулесі болды. Одан әлі талай мықты ойын күтеміз."
-
"Өте жас болса да, қысымға төтеп беріп, өзін еркін ұстады. Бапкерлер оған жиірек мүмкіндік беруі керек."
Осылайша, команда үшін турнир аяқталғанымен, Дастан Сәтпаев үшін бұл матч англиялық мансабындағы үлкен қадам әрі жанкүйерлердің ықыласына бөленген кездесу болды.