Әлем чемпионатынан 11 жүлде: министр жас дзюдошыларды марапаттады
Астанада Эквадордың Гуаякиль қаласында өткен дзюдодан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында жүлде алған қазақстандық спортшылар мен олардың жаттықтырушылары марапатталды, деп хабарлайды 24KZ.
Салтанатты шараға ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қатысып, жас дзюдошыларды әлем чемпионатындағы жетістіктерімен құттықтады.
Қазақстандық спортшылар әлемдік додада 4 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль жеңіп алып, жалпы саны 11 жүлдеге қол жеткізді. Бұл – ел дзюдосы тарихындағы әлем чемпионаттарындағы үздік нәтижелердің бірі.
Марапаттау рәсімінде спортшылармен бірге олардың жеңісіне үлес қосқан жаттықтырушылардың еңбегі де атап өтілді.
Жаттықтырушы-кеңесші Седрик Пол Р. Тайманс «Дене шынықтыру және спортты дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Ал Мейрлан Баймаханбетов, Талғат Тұрсынов, Сұлтан Өтешов, Бағдат Ерғазы, Алтынбек Сұпығалиев және Алмас Несіпберлинов «Спорт саласының үздігі» төсбелгісіне ие болды.
Дзюдо федерациясының вице-президенттері Серікбол Уразалин мен Ержан Зейндиновке ҚР Туризм және спорт министрлігінің Құрмет грамоталары табысталды.
Әлем чемпионатында жүлде алған 15 спортшыға министрліктің Алғыс хаттары берілді. Олардың қатарында 60 келі салмақта және командалық сайыста алтын медаль жеңіп алған Расулхан Ғабит, +90 келі салмақта және командалық есепте топ жарған Әділжан Жаудинов, сондай-ақ 52 келі салмақта чемпион атанған Фатима Сұпығалиева бар.
Сонымен қатар күміс және қола жүлдегерлер де марапатталды.
Командалық жарыстағы жеңісі үшін аға жаттықтырушы Мейрлан Баймаханбетовке арнайы жүлде қоры табысталды. Ал жеке бапкерлер Саламат Отарбаев, Айбек Садықов және Берік Жетпісбаев министрліктің Құрмет грамоталарымен және Дзюдо федерациясының ақшалай сыйлығымен марапатталды.