Дзюдодан әлем чемпионаты аяқталды
Жалпы есепте 11-орындамыз.
Әзербайжан астанасы Баку қаласында дзюдодан жылдың басты жарысы әлем чемпионаты мәресіне жетті. Нәтижесінде Қазақстан құрамасының қоржынына бір ғана күміс түсті. Оны 60 келіге дейнігілер арасында Шерзод Давлатов жеңіп алды. Ол жарыстың алғашқы күні финалға дейін жетіп, ақтық сында алаң иесі Ахмад Юсуповқа есе жіберген болатын. Қалған қыз-жігіттеріміз, өкінішке орай, жүлдеге ілікпеді. Осылайша Қазақстан құрамасы биылғы байрақты бәсекені 11-сатыда аяқтады. Топ басында 8 алтын жеңіп алған Жапония тұр. Алдыңғы үштікті, сәйкесінше 2 және 1 алтынмен, Грузия және Әзербайжан командалары түйіндеді.
Сұлтан Зауырбек рейтингте көтерілді
Сұлтан Зауырбек әлемдік рейтингтің көшін басталады. Қазақстандық кәсіпқой боксшы Халықаралық бокс федерациясының жаңартылған тізімінде бірінші орында тұр. Жартылай жеңіл салмақта өнер көрсететін жерлесіміз бүгінге дейін 21 кездесу өткізіп, 21-інде де жеңіске жетті. Тіпті 13-ін уақытынан бұрын аяқтады. Соңғы жекпе-жегі жуырда австралиялық Джексон Инглендке қарсы болды және төрешілер шешімімен қазақ боксшысы жеңген еді. Осының арқасында әлемдік рейтингтегі жағдайын айтарлықтай жақсартты. Енді Сұлтан IBF тұжырымы бойынша чемпиондық белдікке міндетті үміткер атанып отыр. Титулдың өзі қазір мексикалық Эмануэль Наваррете еншісінде. Қос мықты өзара қашан кездеседі және жекпе-жек талаптары қандай болады, әзірге белгісіз.
ҚХЛ: «БАРЫС» хоккейшілері «АВАНГАРДТЫ» ЖЕҢДІ
«Барыс» үздіктер қатарында келе жатыр. Былтыр біраз қиындыққа тап болып, алаңдағы ойыны мен тізімдегі жағдайын нашарлатып алған астаналық клуб биыл қайтадан ес жиды. Маусым басталмай жатып, небір азулы командаларды ұтты. Соның арқасында Шығыс Конференциясының алдыңғы үш командасы қатарына кіріп отыр. Қазақстандық команда күні кеше Құрлықтық хоккей лигасы аясындағы кезекті матчын елордада өткізді. Омбы қаласының «Авангард» клубын қабылдап, 5:1 есебімен басым түсті. Сәйкесінше турнир тізіміндегі орнын нық сеніммен сақтап қалды. Михаил Кравец шәкірттері келесі кездесуін енді бүгін, яғни 12 қазанда өткізеді. Бұл жолы новосібірлік «Сібір» қонақққа келеді.