Грек-рим күресі: Мейіржан Шермаханбет – Азия чемпионы

Грек-рим күресі: Мейіржан Шермаханбет – Азия чемпионы
ҚР ҰОК

Қазақстандық балуан Мейіржан Шермаханбет күрес түрлерінен Азия чемпионатында Қазақстан қоржынына екінші алтынды салды, деп хабарлайды Olympic.kz.

Мейіржан Шермахамбет 67 келі салмақ дәрежесінде топ жарды. Финалда ол Оңтүстік Кореяның тәжірибелі балуаны Рю Хансуды уақытынан бұрын таза жеңіспен жеңді.

Айта кетерлігі, Мейіржан Шермаханбет ширек финалда үндістандық, ал жартылай финалда өзбекстандық қарсыластарының жауырынын жер иіскетті.

Ал 60 келіде жұбаныш белдесуінде бақ сынаған Ернұр Фидахметов қарсыласын басым түсіп, ел қоржынына екінші қоланы әкелді.

Аламанның алғашқы күнінде Әлімхан Сыздықов қоржынға алтын медаль салғанын хабарлағанбыз. Одан бөлек тағы үш күміс медаль бар.