Елордада тұңғыш рет жартылай марафон ұйымдастырылды

Бірінші болу батылдық. Осындай ұранмен елордада тұңғыш рет жартылай марафон ұйымдастырылды. Әлемнің 24 елінен келген жеңіл атлеттер таңғы самалмен жарыса, ел астанасының көшелерімен жүгіріп өтті.

Жарыс жолына шыққандардың арасында жасы мен жасамысы, бесікарба сүйреген ата-ана, қоларбаға отырған жандар да кездесті. 10 және 21 шақырымды еңсеруге бел буғандар бар, оларды қолдап келгендер де бар. Бәрі де шат-шадыман. Жеңілатлет Алексей Гусаров 10 шақырымды жарты сағатта жүгіріп, кезекті белесін бағындырды. Алматылық спортшы «Елордада жүгіру анағұрлым жеңіл» дейді.  

Алексей Гусаров, жартылай марафон жеңімпазы /10 шақырым/:

- Екі түрлі фактор бар. Біріншіден, жазық жерде жүгіру оңай. Екіншіден, Алматы мұхит деңгейінен 500 метр биіктікте, ал Нұр-Сұлтан 300 метр. Сондықтан мұнда демалуға анағұрлым жеңіл.

21 шақырымдық жарыста мәре сызығын бірінші кескен Ринас Ахмадеев мынадай тілегін білдірді. 

Ринас Ахмадеев, жартылай марафон жеңімпазы /Татарстан/:

- Жарыс уақытын ертерек қойған дұрыс сияқты.  Өйткені 21 шақырымды әуесқойлар 1,5 – 2,5 сағатта еңсереді. Күн ыстық болса, оларға ауыр тиеді.     

Кәсіби спортшылармен қатар бір топ шенеунік те  жарыс жолына шықты. Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевті қасына қосып, көппен бірге Сенат Төрағасы жүгірді. Мәулен Әшімбаев «кімнің бірінші келгені маңызды емес, маңыздысы спорт мерекесін дәріптеу» дейді.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:

- Ал егер жарыссаңыз, Сәпиевтен озатын ба едіңіз?

– Шын жарыссам, Сәпиев енді кәсіби спортсмен ғой, озатын шығар. Бірақ мен енді тырысамын жеңілмеуге. 

Алматы марафон ұйымдастырған іс-шарада жеңілгендер жоқ. Спорт мерекесіне қатысқан әрбір адам жеңімпаз.