Қасым-Жомарт Тоқаев шахматтан әлем чемпионы Малика Зиядинді құттықтады

Мемлекет басшысы жас әлем чемпионы Малика Зиядинге құттықтау хатын жолдады.

– Жеті жасқа дейінгі бүлдіршіндер арасында өткен сайыста жоғары деңгейде өнер көрсетіп, екі бірдей атақты иеленуің – Қазақстанның шахмат тарихында бұрын-соңды болмаған жетістік. Сен тума талантың мен жеңіске деген ерік-жігеріңнің арқасында осындай биік белесті бағындырдың. Өзің ізін басып келе жатқан қазақстандық шахмат шеберлерінің даңқты жолын лайықты жалғастыратыныңа кәміл сенемін, – деп жазылған Президенттің құттықтау хатында.

Мемлекет басшысы Малика Зиядиннің әрдайым жеңіс тұғырынан көрінуіне тілектестік білдірді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.