Ақсуатта қазақ күресінен әлемдік дода өтіп жатыр

Ақсуат ауылында қазақ күресінен әлемдік Гран-при осымен жетінші мәрте өтуде, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дүбірлі додаға дүние жүзінің 13 мемлекетінен 3 салмақта 37 балуан қатысуда.

Ырғызбай Досханаұлы атындағы турнир – Біріккен күрес әлемінің халықаралық белбеулі күрес комитетінің күнтізбесіне енген, ауылда өтетін жалғыз жарыс. Содан да болар, сайысқа шетелдіктердің қызығушылығы ерекше. Биыл дүбірлі бәсекеге Филиппин пен Сербиядан да балуандар келді. Ал молдовандар сайыстың тұрақты қатысушысына айналған. 

Марк Энтони, Филиппин балуаны:

- Қазақ күресімен айналысып жүргеніме 5 жыл болды. Осындай жарысқа екінші рет қатысып отырмын. Бұл біз үшін ерекше спорт түрі. Филиппинде 100-ден астам адам осы спорт түрімен шұғылданады.

Вадим Захария, Молдова балуаны:

- Менің осы күрес түріне келгеніме екі-үш ай ғана болды. Біздің құрама бұл турнирге бірінші рет келіп отырған жоқ. Бір жылы қола жүлде алдық. Молдовандар қазақ күресін жақсы көреді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Ырғызбай Досханаұлы атындағы турнир жаңадан құрылған Абай облысының спорт саласына тың серпін береді. Әсіресе ауылдардың инфрақұрылымын жақсартуға септігі көп.

Бәделхан Қамалханұлы, Гран-при идеясының авторы:

- Аталған жарыстың мақсаты – қазақтың қарапайым ауылын бүкіл әлемге таныту. Бүгінде бұл турнир әлемдік белбеулі күрес кестесінде тұр. Бұл қазақ елінің, қазақ жастарының рухын көтереді. Саяси-патриоттық іс-шара деп ойлаймын.

Жарысқа қатысушылар қазір үш салмақта кіл мықтының ішінен кім мықты екенін анықтауда. Ал бұл сында ел намысын үш бірдей жауырыны жерге тимеген балуандар қорғауда. Бүгін Ырғызбай Досханаұлы атындағы Гран-придің биылғы жүлдегерлері белгілі болады. Боз кілемде топ  жарған  балуан 2 мың АҚШ долларын қанжығалайтын болады.

Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы