Астанада Республика күніне орай Аламан бәйге өтті

Шашасына шаң жұқтырмаған 60-тан аса сәйгүлік 20 шақырымды бағындырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жарыста Алматы облысының шабандозы Арнат Мұратхан топ жарып, суырылып шықты. Оның Айбар есімді байталы мәре сызығын 25 минут 33 секундта кесті. Бұл бәйгеде Қостанай облысының қатысушысы 2-орын, Ақмола облысынан келген шабандоз 3-орынды иеленді.

Сондай-ақ Топ-бәйгеде тұлпарлар жарыс жолына шығып, 1-орынды Алматы облысы, 2-орынды Павлодар облысы, және 3-орынды Түркістан облысы қанжығаға байлады. Бәйгенің жалпы жүлде қоры  – 17 млн теңге. Көрермендер арасында да құнды сыйлықтар ойнатылды. Айта кетейік, бүгін «Қазанат» атшабары жанынан сауықтыру спорт кешені ашылды. Онда ерекше қажеттілігі бар балаларға арнап иппотерапия әдісі арқылы оңалту шаралары өткізіледі.

Еркеғали Карбозов, Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары:

- Бүгін міне Ұлық мерекемен барша көрермендерді құттықтағым келеді. Астана қаласының әкімдігі Қазанат атшабары маңайында Сауықтыру спорттық кешені ашылып жатыр. Ұлттық спорт түріміз Аламан бәйге 20 шақырымға, топ бәйге 14 шақырымдық. Бәйгеге сырт жақтардан бұл Алматы, Ақмола, Қарағанды облысынан аттар бар.