Еліміздің бәйге спортына үлес қосып жүрген азаматтар марапатталды

Алматыда қолтума бәйге аттарын асылдандырып, ұлттық спорттың дамуына үлес қосып жүрген азаматтар марапатталды.

Іс-шараны «Қазақтың алтын арғымағы» ұйымы ұйымдастырып отыр. Еліміздің әр өңірінен жиналған атбегілер 2022 жылды қорытындылап, келесі жылға жоспарларын пысықтады.

Бәйге ежелден келе жатқан қазақтың ұлттық спорты әрі дәстүрі. Бүгін үздік атбегі, бапкер мен шабандоздар марапатталды. Бір өкініштісі соңғы жылдары тазақанды жылқыларды негізінен Европадан импорттап отырмыз,-дейді «Қазақтың алтын арғымағы» ұйымының өкілдері. Орта есеппен жылына 300-500 сәйгүлік сырттан әкелінеді екен. Шетелге кетіп жатқан ақшаны айтпағанның өзінде, қолтума жылқыларды селекциялау кенже қалып барады.

Орынтай Әмірғалиев, компанияның бақылау кеңесінің төрағасы:

- Тазақанды жылқылар келе бастады да біз қолтума жылқысын өсіруді қоя бастадық. Өйткені рыноктың, ат спортындағы бәйгелердің барлығын жаңағы шетелден келген аттарменен ұтып, жылқы асырау мәселесін артқа ысырып қойған кездер болды. Бір аукционнан Франциядан биыл 45 ат кіріпті. Бір аукционнан Франциядан. 

Жиында ат спортын насихаттап, ұлттық өнерімізді өркендетуге үлес қосып жүрген бұқаралық ақпарат құралдары мен журналистер марапатталды. Олардың ішінде Хабар арнасы «Дүлділдер дүбірі» жобасының авторы Сәкен Сейітханда бар. Агенттік төрағасы Берік Уәли көрерменнің ықыласына бөленген бұл жобаның келесі маусымда да жалғасатынын айтты.

Берік Уәли, "Хабар" Агенттігі" АҚ Басқарма төрағасы:

- Мықты бапкерлер, атбегілердің барлығы сол бағдарламаға шығып ұлттық өнерімізді ұылықтап төл өнерімізді төрге шығаратындарыңызға осы біздің «Дүлдүлдер дүбірі» бағдарламасы атсалысатын болады.

Ұйымдастырушылар атқарған іске есеп берді. Екі жыл бұрын Қазақстанда туған бәйге аттарының тізімін жасап, бір жүйеге келтіру жұмысы басталды. Бүгінде 4 мыңнан астам жылқыға чип салынып, құжаттары арнайы базаға тіркеліпті. Жүйріктер туралы барлық мәлімет тиісті сайтқа салынған. 

Қайырбек Баймұратов, Атырау облыстық бәйге федерациясының президенті:

- Бұндағы мақсат кез келген адам сол сайтқа кіріп қазіргі жүлделі болып жатқан тұлпарларды біле алады. Оның шыққан тегін біле алады. Қай жақтан шыққанын. Бұл әлемдік ғаламторға байланыстырылған.

Болашақта бәйге, көкпар, жамбы атуға қажетті жылқының барлығы қолтумадан шықса,-дейді мамандар. Осы мақсатқа жету үшін әртүрлі семинар-тренингтерде ұйымдастырылып тұрады.

Ұлан Нарынбек