31-ші қысқы Универсиададан сүйінші жаңалық келді

Биатлоншы Вадим Куралес Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы алтын медальды салды.

15 шақырымдық жекелей сында Куралес қарсыластарын қар қаптырып, Универсиада чемпионы атанды. Тағы бір қазақстандық биатлоншы Александр Мухинге сәл ғана сәттілік жетіскен жоқ. 

Лейк-Плэсид Универсиадасы Қазақстан құрамасы үшін сәтті басталды. Жарыстың екінші күні-ақ қоржынымызға алтын медаль түсті. 2019 жылы Ресейде өткен «Азия балалары» халықаралық спорт ойындарында топ жарған Вадим, өткен жылы жасөсірімдер арасындағы әлем кубогының кезеңінде күміс жүлде алған еді. Енді міне, 2023 жылда Куралес үшін сәтті басталды. 15-шақырымдық жекелей сында жерлесіміз жеңімпаз атанды.

Вадим Куралес, Универсиада чемпионы:

- Бәрі тамаша болды. Бірақ нағыз бабыма келдім деп айта алмаймын. Алдағы күндері бұдан да жақсы жетістікке жетемін. Бүгін шаңғым ойдағыдай сырғанады. Ал нысана көздеуге келетін болсақ, мен спорттық карьерамдағы ең үздік нәтижені көрсеттім деп санаймын. Маған қолдау білдірген барша жанкүйерге алғысымды айтамын.

Әйгілі Бьерндаленнің ізбасары Эрьян Мосенг күміс жүлдені иеленсе, франуз Аксель Гранье қоланы қанағат тұтты. Біз сенім артқан Александр Мухин 6-шы сатыға табан тіреді.

Мақсат  Шаранов, Қазақстан құрамасының бас бапкері:

- Тек қана Куралес емес, көп балалар бізде дайын. Осы балаларға тек қана алтын керек деп мақсат қойған болатынбыз. Аллаға шүкір біріншісі бар. Алда бұйырса тағыда болады деген ойдамыз. Алтын ол біздің еліміздің қоржынына өте керек. Командалық жарыс бойынша. Қолдау көрсеткен барлық жанкүйерлер мен басшыларға алғысымызды биатлоншылар атынан білдіреміз.

Түс ауа биатлоншы қыздарда жарыс жолына шықты. Біздің бойжеткендер жүгіруде жылдамдық танытқанымен нысана көздегенде мүлт кетіп жатты. Әсіресе Полина Егорова соңғы сәтте қателесіп жүлделі орынға бір табан жетпей қалды.

Полина Егорова, биатлоншы:

- Жалпы бүгінгі жарыс маған ұнады. Шаңғы да жақсы сырғанады. Сондықтан болар жылдамдығым жоғары болды. Тек мергендік таныта алмадым. Әсіресе тұрып атқан кезде біраз қиындау болды. Екі рет мүлт кеттім. Енді жүйкемен жұмыс жасау керек. Алда әлі бірнеше сайыс бар.

Жарыс әлі аяқталған жоқ. Биатлоншылар әлі бірнеше қашықтықта бақ сынайды. Сондықтан бұл алтынмен ғана шектеліп қалмайды деген ойдамыз. Спортшыларымыз алдағы жарыста да бар күш жігерлерін салып жеңіс тұғырынан көрінуге тырысамыз деп отыр.