«Astana meeting world indoor tour» жарысы аяқталды
Астанада жеңіл атлетикадан күміс деңгейдегі халықаралық жарыс өтті.
Әлемдік турға 15 елдің спортшылары қатысып, 10 дистанция бойынша медальдарды сарапқа салды. 60 метрге кедергілермен жүгіруде Кубалық Роджерс Ирибарн жеңіске жетті. Қазақстандық Давид Ефремов екінші нәтиже көрсетті. 400 метрде жерлесіміз Михаил Литвин топ жарса, Андрей Соколов екінші орынға табан тіреді. 800 метрлік сайыста жүлдені қонақтар өзара бөлісті. Хорватиялық атлет Марино Блудек бас жүлдені еншіледі. Қысқа қашықтықта құстай ұшқан ұшқырлар бәсекесінде де шетелдік спортшылардың бағы жанды. Америкалық Майкл Роджерс өзгелерден қара үзіп келді. 3000 мың метрде Эфиопиялық Әли Абдилмана алдына жан салмады. Қазақстандық Алексей Гусаров қола медальға қол созды.
Әйелдер арасында Қазақстандық Ольга Сафронова 60 метрлік жарыста жеңіске жетті. Ұзындыққа үш қарғып секіруде өзбек қызы алтын медальға ие болды. Қазақстандық атлеттер Анастасия Рыпакова мен Алина Чистякова екінші, үшінші орындарды өзара бөлісті. Биіктікке секіру мен 400 метрлік қашықтыққа жүгіруде медальдың бәрін жерлестеріміз иеленді.