БҚО-да дзюдодан балалар арасындағы ашық турнир өтті
Болашақ чемпиондар даярлығы. Батыс Қазақстан облысының Жымпиты ауылында дзюдодан балалар арасындағы ашық турнир өтті.
Оған Орал қаласы, Сырым, Жаңақала, Қаратөбе, Бөрлі, Шыңғырлау, Қазталов аудандарынан және Қызылорда облысынан 200-ге жуық қатысушы жиналды. 11 мен 12 жас аралығындағы ұлдар 11 салмақ дәрежесі бойынша өзара мықтыны анықтады. Жарыс барысында Жымпиты ауылындағы дене шынықтыру және сауықтыру кешеніне самбо күресінен әлем чемпионы, әлем кубогының иегері Асқар Шайхиевтің есімі берілді. Ал тартысты өткен белдесулер нәтижесінде жергілікті жас палуандар қарсыластарын айқын басымдықпен ұтып, жалпы есепте бірінші орынға тұрақтады.
Бауыржан Ихсанов, А. Шайхиев атындағы аудандық Спорт мектебінің директоры:
- Осы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 560 бала шұғылданады. Соның ішінде жартысы күрес түрімен айналасады деуге болады. Бұл спорт кешені 2015 жылы салынды. Спорт кешенінде дзюдо, самбо, қазақ күресі, волейбол, футбол, бокс үйірмесі шұғылданады. Және Сырым ауданы бойынша барлық ауылдық округтерде спорттың 14 түрі қамтылған.