Қазақстандық атлет әлемдік рекорд жасады
Қазақстандық атлет Эльдар Ягияевтың есімі Гиннестің рекордтар кітабына жазылды.
28 жастағы жігіт аспалы темірге жай тартылып қана қоймайды, беліне 35 келі жүк байлап шығады. Бұған дейінгі испандық спортшының көтергені 34,4 келі еді.
Сөйтіп, әлемдік рекордты жаңартқан маңғыстаулық сайыпқыранның ендігі жоспары қандай?
Эльдар жастайынан көшедегі воркаут алаңдарында үзбей жаттыққан. Шымыр жас түрлі сайыстарға қатысып, әлемнің 7 дүркін чемпионы атанды. Қаладағы фитнес орталықта аптасына 5 күн шынығады. Алдымен турникте жүксіз тартылады. Денесін қыздырған соң, белге 25 келілік темірдің бірнешеуін іледі.
Эльдар Ягияев, рекордшы:
- Спортпен шұғылданып жүргеніме 10 жылдан асты. Теңіз жағалауындағы воркаут алаңда шынығуды әдетке айналдырдым. Денемді шыңдап, үнемі жаттықтым. Жалпы, спорттың бұл түрі көпшілікке қолжетімді. Қазір әр үйдің ауласында турник бар. Қанша дайындаламын десеңіз де өз еркіңізде.
Жас атлет былтыр Финлиндияда өткен чемпионатты топ жарды. Сол жылы Амстердамда болған жарыста 40 фунттық темірмен турникте тартылып, әлемдік рекорд орнатты. Ал қазан айында Ақтаудағы спорт залда 35 келі салмақпен 10 рет турникке шығып, жетістігін Гиннестің рекордтар кітабына жолдапты. Бұл ретте куәгерлердің жазбаша растауы мен фото-видео дәйек қоса жіберіледі. Жуық арада шетелден арнайы куәлік келуі тиіс.
Талғат Ермекбаев, фитнес-жаттықтырушы:
- 4-5 жыл бірге дайындалып келе жатырмыз воркаутпен. Осындай жетістіктерге жетіп жатыр. 2 рет мировой рекорд қойды. Турник, жалпы көше воркауты қолжетімді әрі өте ыңғайды. Оны барлық адамдар жасай алады.
Эльдар әлемдік рекордтар кітабына енген 4 көрсеткішті жаңартуды жоспарлап отыр. Қазір ол достарымен бірге қызу дайындық үстінде. Биыл фин елінің астанасы Хельсинкиде өтетін сайысқа команданы бастап барады. Айта кетсек, ақтаулық атлет көше воркауты және стритлифтингтен Маңғыстау облысы бойынша федерацияны басқарады.
Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев