Алматыда қысқы жастар ойындары басталды
Ел үздіктері Алматыға жиналды. Бұнда қысқы спорт түрлерінен республикалық жастар ойыны басталды.
Айта кету керек, байрақты бәсеке осымен 4-ші мәрте ұйымдастырылып тұр. Жарыстың алғашқы күні шаңғымен тұғырдан секіру бойынша медальдар жиынтығы сарапқа салынды. «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплиніне жиналғандар 5 жас санаты бойынша өзара мықтыны анықытады. Әсіресе, жергілікті Ибраһим Абайдулаев, Керейхан Қабдулла, Илья Мизерных сияқты өрендер ең үздік нәтижені тіркелді. Қыздар арасында да алматылықтар топ бастады. 20 метр биіктіктен секіруде Айша Марат, 40 метрде Агата Васильева, ал, 60 метрде Софья Шишкина жеңімпаз атанды. Бұған қоса, Шығыс Қазақстан облысының спортшылары да бәсекелестікті күшейтіп, үздік үштіктен табылды. Жарысты өз көздерімен тамашалап, оның қорытындысын сараптаған мамандар лайықті ізбасарлар өсіп келе жатқанын алға тартады. Жастар ойыны 7-ші ақпанға дейін жалғасады. Осы аралықта 11 спорт түрі бойынша үздіктер анықталып, алдағы жасөспірімдер олимпиадасына қатысатын ұлттық құрама жасақталады.
Сергей Боденко, тұғырдан секіру бойынша жаттықтырушы:
- Жарыстың алғашқы күні жақсы нәтижелер тіркелді. Бүгін 2011 және 2007-ші жылдары туылған ұлдар мен қыздар арасындағы бәсекені ұйымдастырдық. Алматыдағы ауа-райы дәл қазір өте қолайлы болып тұр. Желдің екпіні баяу. Бұл спортта оның да маңызы ерекше.