Алматыда күрес түрлерінен республикалық спартакиада өтіп жатыр
Алматыда күрес түрлерінен республикалық спартакиада өтіп жатыр. 4 жылда бір ұйымдастырылатын байрақты бәсеке бас-аяғы 650-ге жуық спортшының басын қосты.
Яғни, ұлттық құрамадағы нөмірі бірінші спортшылар және олардың ізімен келе жатқан өскелең толқын түгелдей бақтарын сынауда. 6 күнге созылатын спартакиадада 30 салмақ дәрежесі бойынша медальдар жиынтығы сарапқа салынбақ. Жарыстың алғашқы күндері классиктер белдесті және жалпыкомандалық есепте Шымкент қаласының палуандары өз мықтылығын дәлелдеп, топ басына жайғасты. Екінші орында Жетісу облысының құрамасы болса, Шығыс Қазақстан облысынан келген команда үздік үштікті түйіндеді. Ал, әйелдер күресінде Алматы, Ақмола және Түркістан облыстарының қыздары көш бастады. Енді бүгін бозкілемге еркін күрес шеберлері шығады. Жарыс қорытындысы бойынша күрес түрлері бойынша ұлттық құрама жасақталып, алдағы халықаралық жарыстарға дайындықты бастайды. "Алматыдағы аламан жас палуандардың қарым-қабілетін байқатып, жаңа есімдердің шығуына мүмкіндік берді", - дейді мамандар.