Ақтөбеде киокушинкай-кан каратэден республикалық біріншілік өтті
Ел үздіктері Ақтөбеге жиналды. Бұнда киокушинкай-кан каратэден республикалық біріншілік өтті. Жарыс жергілікті спортшы Дәулет Қайролланы еске алуға арналды.
Бозкілемде бақ сынауға еліміздің барлық өңірінен үміткерлер келді. Спортшылардың жасына шектеу қойылмады. Яғни, 6 жастан бастап бағын сынауға мүмкіндік бар. Дәстүрлі біріншілікке бұл жолы 300-ден астам үміткер қатысты. Ерекше қабілетімен көзге түсіп, жүлдегерлер қатарына іліккендер алдағы Қазақстан кубогіне жолдама алды. Айта кету керек, спорттың бұл түріне соңғы жылдары қызығушылық жоғары. Әсіресе балалар арасында кеңінен таралып отыр. Еліміз бойынша 10 мыңнан астам адам тұрақты түрде шұғылданады.
Игорь Лим, киокушинкай-кан каратэден қр бас төрешісі:
- Елімізде бұл спорт жақсы дамыған. 15 облысты бірдей қамтып отырмыз. Барлық өңірде білекті палуандарымыз бар. Әсіресе Астана мен Алматы, Ақтөбе өңірінің спортшыларының жетістіктерін атап өтуге болады. Жалпы киокушинкай-кан каратэ денсаулықты нығайтумен қатар адамның азамат ретінде қалыптасуына да әсері мол. Рухани салауатты тәрбиеге шақырады.