Қазақстандық киберспортшылар Азия ойындарына қатысады

Қазақстандық киберспортшылар Ханчжоуда өтетін биылғы Азия ойындарына қатысады. Ол қыркүйек айына жоспарланған.

Жәнібек Қуатов 24 жаста. Ол киберспортпен 5 жыл бойы кәсіби түрде айналысып келеді. Елдегі танымал командалардың біріндегі ойыншы, әрбір турнирге аса ыждаһаттылықпен дайындалады. Алдымен хобби болған бұл ойын, қазір табыс көзіне айналды, дейді ол. Сондай-ақ аталмыш спорт түрінде қиындықтардың барын да жоққа шығармады.

Жәнібек Қуатов, киберспортшы:

- Қиындықтардың көп түрі болады. Қазақстанда пинк жайында проблема бар, яғни европейский стандартта ойнай алмаймыз. Интернеттің кесірінен қиын болады ойнау. Бірінші қиындық сол. Екіншіден игроктардың проблемалары. Оларда клавиатура жаман болуы мүмкін, наушник, компьютерлері жаман болуы мүмкін.

Қазір Қытай, Америка және Корей елдерімен қатар, қазақстандық киберспортшылар әлемдік рейтингте топ жарып тұр. Ал байқаулардың жүлде қоры – кез келгенді таңдай қақтырады. Мәселен, 1 ай бұрын отандық спортшылар халықаралық «Пабджи мобайл» турнирінде жеңіске жетіп, қанжығасына 50 мың долларды байлаған. Теңгеге шаққанда ол 23 миллионға жуықтайды екен.

Статистикаға сәйкес, былтыр әлемдік видео-ойын нарығы 184,4 миллиард АҚШ долларын құраған. Оның белсенді сатып алушылары ретінде Қытай мен Америка елдерінің тұрғындары танылды.

Жалпы екінші жыл қатарынан мобильді ойындар әлемдік механизмнің басым бөлігін алып тұр. Мәселен, 2018-ші жылы оның үлесі 47, ал 2022-де 50 пайыз болған. Қазақстандағы Киберспорт федерациясының мәліметіне сүйенсек, елдегі 5 миллионнан астам азамат дәл осы виртуалды ойындармен әуестенеді.

Әлемдік нарықтағы мобильді видеоойындардың үлесі:

2018 – 47 %

2019 – 46 %

2020 – 49 %

2021  – 52 %

2022 – 50 %  ))

Батырхан Тоғайбаев, ҚР Киберспорт федерациясының PR-директоры:

- Біз киберспорттың инфрақұрылымын дамытуға күш салып келеміз. Себебі отандық ойыншылардың таланты зор. Мәселен бұған дейін мемлекеттік қызметшілер мен шенеуніктер арасында турнир ұйымдастырғанбыз. Ондағы біздің басты мақсатымыз – киберспорттың не екенін көрсетіп, ол турлы нақты түсінік қалыптастыру болды.

Биылғы Азия ойындарына дәстүрлі спорттан бөлек, «киберспорт» түрі қосылды. Бұл тұрғыда дирекциядағылар спортшыларға қаржылай қолдау көрсетеміз деп отыр.

Азамат Имашев, ҚР МСМ Спортты дамыту дирекциясы директорының орынбасары:

- Жақында Азия ойындары болады. Біз киберспортшыларға қаражат жағынан толықтай көмектесеміз. Ыстық тамақ, қонақ үй секілді шығындарын мойнымызға аламыз. Дәл қазір шығын сомасы белгісіз болып тұр. Бірақ турнир уақыты жақындағанда, смета даярлайтын боламыз.

Қазақстанда 2 мыңнан астам киберспортшы бар. Олардың басым бөлігі елімізді әлемдік ареналарда танытып жүр. Сондай-ақ биылғы Азия ойындарынан үмітіміз зор, дейді федерация өкілдері.

Авторлары: Альмира Оразбай, Индира Ахат, Ербол Дайыров