Қазақстан биатлоннан әлем чемпионатын өткізеді

Әлем үздіктері Щучинскке жиналады. Қазақстан өз тарихында алғаш рет биатлоннан дүниежүзілік доданы қабылдау құрметіне ие болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Байрақты бәсеке наурыздың басында Ақмола облысында өтеді. Жастар мен жасөспірімдер арасындағы жарысқа 41 елден 800-ден аса спортшы қатысады. Ел намысын 20 биатлоншы қорғайды. Қазір дәл сол Щучинск қаласында, әлем чемпионаты өтетін базада Қазақстан Кубогы ұйымдастырылып, ұлттық құрама жасақталып жатыр. Айтулы жарыс отандық спортшылардың шеберлік шыңдап, тәжірибе толықтыруына керемет мүмкіндік, - дейді мамандар. Алдағы уақытта осындай форматтағы жарыстарды Қазақстан аумағында тұрақты өткізу жоспарланып отыр.