Бурабай баурайында биатлоннан Әлем чемпионаты басталды. LIVE

Көрікті Бурабай баурайында биатлоннан жастар мен жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионаты басталды. Байрақты бәсекеге 39 мемлекеттен 500-ге жуық спортшысы қатысады. Биатлоннан осындай деңгейдегі дүбірлі дода Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Абзал Азаматұлы, тілші:

- Жарыстың ашылу салтанаты жоғары деңгейде өтіп жатыр. Әсіресе әлемнің түкпір-түкпірнен келген қатысушыларға ерекше құрмет көрсетілді.

Дүбірлі дода Бурабайдағы осы қысқы спорт түрінен олимпиадалық даярлау орталығының базасында өтеді. Жалпы, жарыс 4-12 наурыз аралығында өтетін болады. Осы уақыт аралығында олар өзара мықтыны анықтайды. Биатлоншылардың алдағы жарыс күндері туралы ұйымдастыру алқасынан білген болатынбыз.

Ардақ Төлендин, Олимпиадалық даярлау орталығының директоры:

- Бұл жарыстың маңыздылығы – болашақта біздің биатлоншылардың біліктілігін арттырып, мықты спортшылармен жарысқа қатысып, Қазақстан құрама командасына резерв дайындау. Осы жарыстан кейін біздің жарқын жұлдыздар шығады деген ойдамыз. Бірінші күні командалық микс болады. Одан кейін жеке жарыстар болады. Одан кейін эстафетаға 4 қыз, 4 ұл  қатысады. Жарыс 12-не дейін өтеді. Тек 9 күні демалыс болады.

Абзал Азаматұлы, тілші:

- Әлемдік бәсекеге мықты төрешілер мен бақылаушылар да шақыртылған. Ал ел намысын осы жарыста 20 биатлоншы қорғайды. Оның 10-ы жастар, 10-ы жасөспірімдер арасында бақ сынайды. Олардың барлығына Бурабайдағы сайыс алаңдары жақсы таныс. Себебі республикалық іріктеу ойындары да дәл осы спорт базасында өткен болатын. Сондай-ақ спортшылардың денсаулығы мен қауіпсіздігі басты назарда. Медицина мамандары мен тәртіп сақшылары сақадай-сай осында.