Оралда қыз-келіншектер арасында волейболдан турнир ұйымдастырылды
Оралда мерекеге орай жұмысшы қыз-келіншектер арасында волейболдан турнир ұйымдастырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Шаһардағы өндіріс ошақтарында, медициналық және пошта қызметі мекемелерінде еңбек ететін әйелдер қауымы «Еңбек кубогін» сарапқа салды. Әуесқойлар додасына 10-нан астам команда қатысқан. Әртүрлі салада кәсіби қызмет атқарып жүрген бұрымдылар бір жұмыс күнін спортқа арнап, ала допты алақанында ойнатты. «Әрі мұндай жарыстар ұжымдардың бір-бірімен достық қарым-қатынасын нығайта түседі», - дейді ұйымдастырушылар. Тартысты дода нәтижесінде «Сенім» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы жеңіске жетті.
Айгүл Молдашева, жарысқа қатысушы:
- Бесінші емханадан келіп тұрмын. Өзіміздің командамызда 8 адам болып дайындалып келдік. Осы шара бәрін байланыстырып, достыққа алып келеді деп ойлаймын.