Алматыда мүгедек арбасындағы теннистен Қазақстан кубогы басталды
Жарыс тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Оған Алматы, Астана, Қарағанды, Ақтау, Ақтөбе және Орал қаласынан 40-тан астам спортшы қатысып жатыр. 10 күн бойы оқу-жаттығу жиынын өткізіп, шеберлігін арттырған паратеннисшілер бұл жарысқа тас-түйін дайындықпен келіпті. Себебі дода қорытындысы бойынша биыл маусым айында Италияда Alghero Open халықаралық турнирінде ел намысын қорғайтын спортшылар анықталады. Сондай-ақ қажетті ұпайды жинаса, қазақстандық спортшылар қыркүйекте Қытайдың Ханчжоу қаласында өтетін Паразия ойындарына қатысуға мүмкіндік алады.
1 жылдан астам уақыт бұрын Қазақстан теннис федерациясының жанынан Инклюзивті дамыту департаменті құрылған еді. Федерация бүгінге дейін бірнеше ірі турнир өткізіп те үлгерді.
Айшуақ Жетпісова, паратеннисші:
- Қыркүйек айында чемпионат болды. Қазақстан Республикасының бірінші чемпионаты. Мен сонда бірінші орын алдым. Қазақстан Республикасының бірінші чемпионы болып саналамын. Ойын жақсы өтті. Биыл қатарымыз көбейіп жатыр. Бүкіл Қазақстаннан келіп жатыр қатысушылар. Биыл енді қарсыластар мықты.