Бибісара алдыңғы үштікте
Бибісара алдыңғы үштікте. Үндістан астанасы Нью-Дели қаласында шахматтан әйелдер арасындағы гран-при жалғасып жатыр.
Әлемдік аламанның аяқталуына 1 тур қалды. Бірақ, әлі күнге дейін айқын фаворит жоқ. Соңғы кезеңде топ басына 3 спортшы шықты. Оның бірі қазақстандық Бибісара Асаубаева. Жерлесіміз күні кеше грузиялық Нана Дзагнидземен тең түскен болатын. Нәтижесінде 5,5 ұпай жинады. Дәл осындай көрсеткіш қытайлық Жу Цзинер мен ресейлік Александра Горячкина еншісінде де бар. Сәйкесінше, осы үшеуі енді бас жүлдені сарапқа салады. Ең соңғы, яғни, 11 турда Бибісара тағы бір ресейлік Екатерина Лагномен жолығады. Қарсыласы турнир тізімінде 4-ші тұр.
Айта кетейік, әлемдік гран-приге ең үздік деген 12 спортшы шақырту алды. Жарыс айналмалы жүйеде өтіп жатыр. Яғни, әр қатысушы бір-бірімен ойнап шығуы қажет. Оның жалпы қорытындысы ертең белгілі болады. Айта кетейік, бұл бәсекеге тағы бір қазақстандық Жансая Әбдімәлік те қатысуы керек еді. Бірақ, ол қабылдаушы тараптың жұмысына көңілі толмай, елге қайтып оралды.