Елде тенниске деген қызығушылық арта түскен
Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакинаның үлкен жеңістерінен кейін елімізде тенниске деген қызығушылық арта түскен.
Алайда көрер көзге қызық болғанымен, үлкен тенниске келе салу оңай емес. Біріншіден, қымбат спорт түрлерінің бірі болғандықтан, көпшіліктің қалтасы көтере бермейді. Және елімізде теннис корттары мен білікті бапкерлер әлі де тапшы. Дегенмен соңғы уақыттары осы олқылықтардың орны тола бастаған.
Үлкен теннис – үлкен тәуекелді қажет ететін спорт түрі. Сондықтан балаңыз кәсіпқой теннисші болғысы келсе, бір нәрсені жете түсіну керек. Мұнда бірінші кезекте ақша емес, табандылық пен төзімділік тұрады. Яғни, тек ерінбей еңбек еткендер биік белестерді бағындыра алады. Ендеше сол Рыбакинаның немесе Джокович пен Надальдардың қаншама тер төккенін түсінгендер ғана мықты спортшы бола алады.
Ерсайын Бердуов, жаттықтырушы:
- Теннистің ерекшелігі, мысалға, сен күреспен немесе бокспен айналысатын болсаң, қанша күшің бар болса, қарсыластарыңды жеңіп алуға болады. Ал бұл жерде күнделікті жаттығулар керек. 3-4 күн жаттығулар жасамасаң, 3-4 күннен кейін ойнау барысында қанша жыл 10 жылдық тәжірибең болса да, допты ыңғайлап ұру, яғни суып қалады қолың. Ол – оңай спорт емес.
Рас, теннис – арзан спорт емес. Спорт дүкендеріндегі теннис ракеткасының ең төмені 100 мың теңгеден басталады. Өзгеде спорт жабдықтарын алу үшін қалтаңызда кем дегенде 300 мың теңге болу керек. Ай сайынғы төлемдері тағы бар. Кейбіреулер баласын жетектеп келіп, бағасын көргенде теріс айналып шығып кетеді, - дейді сатушылардың өзі.
Евгений Меркулов, сатушы:
- Мұнда ракеткалардың түр-түрі бар. Кәсіпқойларға, әуесқойларға және балаларға арналған. Бағалары да сапасына байланысты әртүрлі болады. Ең арзаны 100 мың десек, 150 мың теңгеге жақсы ракеткаларды алуға болады. Ракетканы алған соң ішегін бөлек сатып алады. Аяқ киімдердің де бағасы әртүрлі. Харт пен грунтты кортқа арналған кроссовкалардың бағасы 30 мың теңгеден басталады.
Алматыда жарты жылдың ішінде тенниске жазылған жас өрендердің саны 15%-ке артқан. Еліміздің теннис федерациясы осылай дейді. Қазір ауа райы қолайлы болғандықтан, ашық корттарымыз жеткілікті. Өкінішке қарай, бізде жабық теннис корттары аздау. Сондықтан күн суыған кездері көптеген спортшылар жаттығуларын тоқтатуға мәжбүр болады, - дейді мамандар. Еліміздің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина қазір әлем мықтыларымен иық тірестіріп тұр. Енді ерлер арасында осы биіктен менде көрінгім келеді, - дейді жас теннисші Айдын Батырбеков.
Айдын Батырбеков, теннисші:
- Негізі осы теннис спортында бірінші нөмір болғым келіп тұр және «большой шлем» сондай жарыстарды ұтқым келіп тұр. Қазақстанның туын жоғары көтеру. Күзде Өскеменде АТФ Азия жарысы болған, сол жерде үшінші орын алғанмын. Өткен жылы Алматыда тәуелсіздік күніне арналған республикалық жарыс болды, сол жерде бірінші орын алдым.
Бапкерлердің біліктілігіне де көп нәрсе байланысты. Сәуірдің 17-28 аралығында Алматыға шетелдік мамандар келіп, қазақ жаттықтырушыларына шеберлік сабағын өткізіп, дәріс оқиды екен. Осылайша, бапкерлікке бет бұрған спортшылардың тәжірибесін арттырамыз, - дейді федерация мамандары.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Жандос Айтбайұлы, Әбен Нарынбаев.