Классикалық шахматтан әлем чемпионы Астанада анықталады
Әлем чемпионы Астанада анықталады. Дәл қазір елордада классикалық шахматтан тарихи жарыс өтіп жатыр. Яғни, ресейлік Ян Непомнящий мен қытайлық Дин Лижэнь өзара мықтыны анықтап, қазіргі көшбасшы Магнус Карлсеннің орнын басады.
Айта кетейік, бұл – әлемдік шахмат үшін өте маңызды шара. Байрақты бәсекені қабылдауға Аргентина мен Мексика елдері де ұсыныс тастаған. Бірақ халықаралық федерацияның таңдауы Қазақстанға түсті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Әлем назары қазір Астанаға ауды. Бұнда классикалық шахматтан әлем чемпионы атағы сарапқа салынып жатыр. Негізі жарысқа 16-шы әлем чемпионы Магнус Карлсен қатысып, өз атағын қорғауы қажет еді. Бірақ ол халықаралық федерациямен арадағы кикілжіңге байланысты дүбірлі додаға келмеді. Нәтижесінде енді бас жүлдеге негізгі үміткер саналған ресейлік Ян Непомнящий мен қытайлық Дин Лижэнь таласады. Олар әлемдік рейтингте қазір, сәйкесінше 2-ші және 3-ші орында тұр. Ашылу салтанаты барысында жеребе тарту рәсімі ұйымдастырылып, алғашқы жүріс иесін арнайы робот анықтады.
Дин Лижэнь, шахматшы:
- Сөздің шыны керек, бұнда келем деп ойламадым. Өйткені Магнус аяқасты бас тартты. Қалай болғанда да, мен үшін бұл – кермет мүмкіндік және оны жіберіп алмауым керек. Мен қытайлық шахматшылар арасынан бірінші болып әлем чемпионы атағына таласайын деп отырмын. Яғни, қазірдің өзінде тарихқа кірдім. Енді маған артылған сенімді ақтап, әлем чемпионы атансам деймін.
Қос мықты бұған дейін 39 мәрте кездесті. Көбі тең нәтижемен аяқталды. Бірақ салыстырмалы түрде ресейлік спортшының жеңістері басымдау. Спорт сарапшылары да Ян Непомнящий мүмкіндігін жоғары бағалап отыр. Өйткені ол осымен 2-ші мәрте әлем чемпионы атағына таласады. Бұған дейін бір мәрте Магнус Карлсеннен ұтылған болатын.
Ян Непомнящий, шахматист:
- Физикалық тұрғыда да, психологиялық тұрғыда да оңай болмайды. Бұған дейінгі тәжірибем бар. Соны негізге аламын. Күшімді тиімді қолдануым керек. Дайындық жақсы өтті. Енді білген-түйгенімді дұрыс пайдаланып, жеңіске жетуге тырысамын.
Қос мықты 14 партиядан тұратын кездесулер сериясын өткізеді. Егер тең түсіп жатса, плей-офф кезеңі ұйымдастырылып, рапид бойынша өзара мықтыны анықтайды. Негізгі бәсеке аясында параллель әртүрлі семинарлар мен жарыстар өткізу жоспарланып отыр. Оның ішінде балалар арасындағы бәсеке мен әйелдер арасындағы аламан бар.
Тимур Турлов, Қазақстан шахмат федерациясының президенті:
- Бұл бәсеке, ең алдымен, өз спортшыларымыз үшін кермет мотивация дер едім. Әсіресе өскелең толқын осынай деңгейдегі жарысты өз көзімен көреді. Атмосферасын сезінеді. Сондықтан Қазақстанға осындай құрмет бұйырғанына қуаныштымын және алдағы жарыс тартысқа толы болады деп үміттенемін.
Ресей және Қытай спортшылары арасындағы алғашқы кездесу тең аяқталды. Ян Непомнящий ә дегеннен басымды өз қолына алған. Бірақ қарсыласы барлық шабуылына төтеп беріп, 49-шы қадамнан кейін ойынды тоқтату амалын тапты. Ал келесі партия бүгін өтеді. Жеңіске жеткен тарап әлем чемпионы атағынан бөлек, 1 миллион еуро көлемінде сыйақы алады.
Авторлары: Аслан Қаженов, Акылбек Есимсеитов.