Теннистен Қазақстан-Польша кездесуіне дайындық жүріп жатыр
Былтырғы жетістікті қайталап, финалға шығуымыз керек.
Бірер күннен кейін теннистен әйелдер арасындағы командалық әлем чемпионаты Билли Джин Кинг кубогінің іріктеуі басталады. Оның аясында Қазақстан алғашқы матчын өз алаңында өткізеді. Ал ағлашқы қарсылас - Польша құрамасы. Қазір қос елдің мықтылары елордаға жиналып, жарыс алдындағы жаттығуды пысықтап жатыр. Ел намысын Елена Рыбакина, Юлия Путинцева, Анна Данилина сияқты қыздар қорғайды. Ал Зарина Дияс пен Жібек Құламбаева әртүрлі себеппен тізімнен алынып тасталды. Бұған қоса Польша құрамасының үздіктері Ига Швёнтек пен Магда Линетт те кортқа шықпайтын болды. Олардың орнын жас теннисшілер басты. Нақты кім-кіммен жолығатыны ертең жеребе тарту рәсімінен кейін белгілі болады. Одан кейін 14 сәуірде жекелей, 15 сәуірде жұптық сындар өтеді. Жеңіске жеткен тарап тікелей финалға жолдама алады. Айта кетейік, қазақстандық қыздар былтыр әлем чемпионатының ақтық кезеңіне шықты. Алайда Глазго қаласындағы финалда Ұлыбритания командасын жеңіп, Испания бұрымдыларына есе жіберген болатын. Нәтижесінде топтық кезеңнен әрі аса алмады.
Ярослава Шведова, ұлттық құраманың капитаны:
- Дайындық ойдағыдай өтіп жатыр. Қыздар елордадағы кордқа бойларын үйретіп, бірнеше жаттығу жасап үлгірді. Кездесулер өте тартысты болады деп ойлаймын. Өйткені қарсыластарымыз осал емес. Біз жекелей сында да, жұптық сында да ұпай алып, жергілікті жанкүйерлерге қуаныш сыйлауға тырысамыз.