Алматыда семсерлесуден жазғы спартакиада басталды
Ел үздіктері Алматыға жиналды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұнда семсерлесуден кезекті, яғни 6-шы жазғы спартаикиада басталды. Оған бас-аяғы 11 өңірдің өкілдері жиналып, өзара мықтыны анықтауға кірісті. Жарыстың алғашқы күні «рапира» бағытындағы бәсекелер болды. Нәтижесінде ерелер арасында финалға Абай облысының қос спортшысы Тамирлан Қалиев пен Ниязбек Сафинов шықты. Тартысты өткен жекпе-жек Тамирланның жеңісімен аяқталды. Қола жүлде шығысқазақстандық Никита Пономарев пен алматылық Ғалым Нұрымовқа бұйырды. Әйелдер арасында жергілікті София Ақтаеваға тең келер ешкім болмады. Абайлық Күлжан Түсіпбекова күміс, шығысқазақстандық Алина Искандерова мен тағы бір абайлық Аяулы Өтеуленова қола жеңіп алды.
Енді семсерлесудің басқа бағыттары бойынша медальдар сарапқа салынады. Спартакиада 16 сәуірге дейін жалғасады. Кейін ел үздіктерінен ұлттық құрама жасақталып, алдағы халықаралық, құрлықтық және әлемдік додаларға дайындалады.