Елдегі мүмкіндігі шектеулі спортшылар халықаралық спартакиадада бақ сынайды
Дүбірлі дода қысқы және жазғы ойын түрлерінен өтуі мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».
ТМД-ға мүше елдердің Сыртқы істер министрлері осындай шешім қабылдады. Ведомство жетекшілері Самарқанда бас қосып, ұйымның жоспарын талқылады.
Қазақстанның вице-премьері, сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Орталық Азияға алғашқы сапарын бауырлас Өзбекстаннан бастады. Көршілер арасындағы дипломатиялық байланыстың қыр-сыры екіжақты кездесуде талқыланды. Ресми Ташкент әлемдік қауымдастықпен тығыз ынтымақтастық орнатып келеді. Ала шапанды ағайын алдағы 5 жылда 120 млрд доллар тікелей инвестиция тартуды көздейді.
Спартакиада өткізу жөніндегі бастама ТМД-ға мүше елдер тарапынан қолдау тапты. Жарыс жалауы келер жылы желбірейді. Одан кейін әр 2 жыл сайын ұйымдастырылып тұрады. Әуелі мүмкіндігі шектеулі өрендер қатысады.
Сергей Лебедев, ТМД бас хатшысы:
- Тараптар ТМД аясындағы әріптестікке белсенді атсалысып келеді. Ұйым жұмысын одан әрі нығайтуға әрі кедергісіз дамытуға ортақ талпыныс бар. Биыл ұйымға Қырғызстан төрағалық етіп жатыр. Экономикалық кеңес отырысы өтіп, тәуелсіз мемлекеттің өкілдері форумда бас қосты.
Тараптар тарихи-мәдени құндылықты насихаттауға да басымдық беріп отыр. Сондықтан Самарқандқа келер жылы мәдени астана мәртебесі беріледі. Минск пен Гюмри болса, спорттық шаһар атануға үмітті.
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Самарқандтағы жиынға Молдованың өкілдері келген деген де дерек бар. Алайда олар лауазымды тұлғалар емес. Сол себепті кездесудің ресми бөлігінде төбе көрсетпеді. Бұл мемлекеттің ТМД-дан шығу немесе шықпау жайы әзірге белгісіз. Самарқандта «Орталық Азия – Ресей» форматындағы кездесу де өтті. Жиында тараптар әлемдік геосаясатқа қатысты мәселелерді талқылап, күрделі ахуалды сөз еткен.
Авторы: Рауан Мыңбаев.