Петропавлда ұлттық спорт ұлықталды. LIVE
Петропавлда құқық қорғау органдары күштік және арнайы құрылымдардың арасында, қазақ күресінен республикалық жарыс өтіп жатыр.
Оған еліміздің барлық өңірінен балуандар жиналған. Дода Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері, милиция генерал-майоры Ахмет Тұмар-бековтың 100 жылдығына арналған.
Самат Қайырденұлы, тілші:
- Таңнан бері тартысқа толы қызықты белдесулерге куә болып отырмыз. Себебі боз кілемде өнер көрсетіп жатқандардың барлығы, сен тұр мен атайын деген кіл мықтылар. Жарыс таңғы сағат оннан басталды. Әлі де жалғасуда. Оған полиция қызметкерлері, құтқарушылар, прокурорлар, ұлттық ұланның ұлықты ұлдары, қорғаныс министірлігінің өкілдері, шекарашылар қатысып, бақтарын сынап жатыр. Қысқасы погон таққандардың барлығы формаларын бір уақытқа спорттық киімге ауыстырған. Еліміздің түкпір-түкпірнен 31 команда жиналды. Осылайша солтүстікте ұлттық спортымыз ұлықталып жатыр.
Батырхан Қайырбек, жарысқа қатысушы, СҚО:
- Көңіл-күйім өте жақсы. Өйткені ол біздің елімізде болып жатыр. Біздің департаменттің атын қорғап жатырмын. Дайындық та жақсы. Оқу- жаттығу жиынында болдық, Бурабай қаласында, он күндей. Онда оқу-жаттығу жақсы өтті. Өзім бабымда тұрмын. Былтыр осы жарыста чемпион болғанмын. Алла жазса, осы нәтижені қайталаймын деп үміттенемін».
Самат Қайырденұлы, тілші:
- Шеберлігі толысқан білекті палуандардың күресі қазір қызып жатыр. Сайдың тасындай іріктеліп келген жігіттер бір-біріне дес берер емес. Айта кету керек жарыс алты салмақ дәрежесі бойынша өтуде.
Күш құрылымдары арасында өтіп жатқан кезекті біріншілік ҰОС ардагері, милиция генерал-майоры Ахмет Тұмарбековтың 100 жылдық мерейтойына арналып отыр. Сәтін салса, ертең марапаттау рәсімі өтеді.