Алматыда Азия чемпионатында топ жарған жерлестеріміз марапатталды
Ел абыройын асқақтатқандар марапатталды.
Алматыда Қазақстан күрес федерациясының бұрынғы басшысы, спорт жанашыры Ерлан Қожасбай Азия чемпионатында топ жарған жерлестерімізбен кездесіп, ақшалай сыйақы табыстады. Биылғы құрлықтық дода елордада өткен болатын. Қазақстандық палуандар бас-аяғы 20 медаль жеңіп алды. Оның 7-еуі алтын. Әсіресе, жарыстың соңғы күндері еркін күрес шеберлері өте сәтті өнер көрсетті. Атап айтқанда Санжар Досжанов, Дархан Есенғали, Болат Сақаев және Азамат Дәулетбековтар қарсылас шақ келтілмеді. Классиктер арасында Ибрагим Магомадов, ал әйелдер күресінде Жәмила Бақбергенова мен Эльмира Сыздықова топ жарды. Салтанатты шара барысында күміс жүлдегерлер де назардан тыс қалмады.
Еске сала кетейік, осы жетістіктің арқасында Қазақстан құрамасы жалпы есепте 1-ші орынға тұрақтады.
Ерлан Қожасбай, спорт жанашыры:
- Үздік палуандарды марпаттау - біздің спортта бұрыннан қалыптасқан дәстүр. Осындай қыз-жігіттерге жан-жақты қолдау жасауымыз қажет. Бұдан бөлек, спорттық инрақұрылымға да ерекше көңіл бөліп, былтыр жалпы аумағы 7 мың шаршы метрді құрайтын кешенді қолданысқа бердік. Заманау құралдарды сатып алдық. Білікті мамандарды тарттық. Міне, сол бастамалар біртіндеп өз жемісін әкеліп жатыр.